Министр қазақстандықтарды жаппай вакцинациялау жалғасатынын айтты
Бірінші жартыжылдықта 6 млн-нан астам вакцина дозасын қабылдау жоспарланып отыр
Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халықты елдегі эпидемиологиялық жағдай туралы хабардар етіп, халықты жаппай вакцинациялау туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация жалғасуда. Бірінші сәуірден бастап вакцинациялауға жататын адамдардың санаттары кеңейтілді. Кестелерді жергілікті атқарушы органдар жасайды. Бүгінгі күні бірінші компонентпен – 217 070, екінші компонентпен 79 541 азамат егілді. Республика бойынша 1000 тұрғынға шаққанда көрсеткіш – 11,5 құрады. Оның ішінде медицина қызметкерлері – 40% (87 532 адам), педагогтар – 17% (37 298), күш құрылымдарының қызметкерлері – 7,7% (16790), ЖӨБ персоналы мен контингенті – 0,5% (1124), басқалары – 34% (74326).
«Вакцинацияланғандардың 0,8%-да катаралды синдром, дене температурасының жоғарылауы, жергілікті реакция түрінде вакцинацияға күтілетін реакция байқалды», - деді А.Цой.
Сәуір айының басынан бастап өңірлерге «Спутник V» вакцинасы жеткізілді, сондай-ақ сәуірде вакцинаның 2 млн дозасы жеткізіледі деген жоспар бар. Сәуір айында жалпы тиісті контингенттің 23,4%-ын қамту жоспарланып отыр.
«Қазақстанда өндірушілермен жүргізілген келіссөздерді ескере отырып, бірінші жартыжылдықта 6 млн-нан астам вакцина дозасын қабылдау жоспарлануда, бұл тиісті контингенттің 64%-ын қамтуға мүмкіндік береді. Бұл көлем КВИ-ге қарсы вакцинациялауға жататын контингентті және өтеусіз негізде вакцинациялауға ниет білдірген адамдардың қолжетімділігін барынша кеңейтуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті министр.
Ұйымдастырылған ұжымдарда және адамдар көп жиналатын жерлерде вакцинация жүргізу үшін Алматы қаласының мысалында жылжымалы егу пункттері іске қосылатын болады. Эпидемияға қарсы күрес пен іскерлік белсенділікті сақтау арасындағы теңгерімді сақтау мақсатында елде цифрлық технологиялар белсенді енгізілетін болады.
Денсаулық сақтау министрі дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілгені туралы айтты. Бүгінде еліміз дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті көлемімен толық қамтамасыз етілген. Ауруханаларда КВИ емдеуге арналған дәрілердің айлық қоры, «СК-Фармация» қоймаларында және дәріханаларда – екі айлық қоры қалыптастырылған. Барлық өңірлерде 18 млрд теңгеге дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қорлары құрылды.
Ауруханалар мен дәріханаларға жүктемені төмендету мақсатында тамыз айынан бастап 1 млн пациентке қоры бар амбулаториялық деңгейде КВИ емдеу үшін дәрілердің 5 түрі тегін беріледі. Медициналық ұйымдар жеке қорғану құралдарымен толық қамтамасыз етілген, өңірлердің әкімдіктері 3 айлық қор қалыптастырған».
«Қазақстан Республикасында 7 сәуірдегі жағдай бойынша COVID-19 оң нәтижесімен 258 917 науқас және КВИ минуспен 50 955 жағдай тіркелген. КВИ+ бар 228 089 науқас және КВИ-мен ауыратын 49 290 науқас сауығып кетті. Сонымен қатар, Алматы, Нұр-сұлтан, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Алматы облыстарында КВИ-мен сырқаттанушылықтың өсуі жалғасуда. Жалпы сырқаттанушылықтың 63%-ы Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының және Алматы облысының тұрғындарына тиесілі, онда Алматы қаласында жағдайлардың тіркелуі ақпан айында тәулігіне 100 жағдайдан сәуір айында тәулігіне 600 жағдайға дейін ұлғайды. Нұр-Сұлтан қаласында жағдайлардың саны ақпан айында тәулігіне 100 жағдайдан сәуір айында тәулігіне 500 жағдайға дейін артты. Алматы облысында ақпан айында 70 жағдайдан сәуір айында тәулігіне 270 жағдайға дейін көбейді», - деді министр.
7 сәуірдегі жағдай бойынша КВИ-мен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету үшін республикада 29 189 төсек-орын қоры бар 276 инфекциялық стационар жұмылдырылды. Инфекциялық стационарлардың жұмыспен қамтылуы 36%-ды, реанимациялық стационарлардың жұмыспен қамтылуы 23%-ды құрайды. Инфекциялық төсектердің ең көп жүктелуі Нұр-Сұлтан қаласында (71%), Батыс Қазақстан облысында (68%), Алматы облысында (57%), Алматы қаласында (51%) байқалады.
«Министрлік төсек қорының жұмыспен қамтылуын өңірдің әрбір медициналық ұйымының деңгейіне дейін мониторингтеудің электрондық жүйесін әзірледі, бұл қосымша стационарлардың уақтылы әрекет етуіне және өрістеуіне мүмкіндік береді. Өңірлерде инфекциялық төсектерді өрістету жоспары бар, жұмыс істеп тұрған инфекциялық стационарлардың жүктемесі 70%-ға жеткенде инфекциялық төсектердің резерві 51 мыңнан 60 мыңға дейін ұлғайтылды, резервтік объектілер тартылатын болады, бұл ретте жоспарлы мамандандырылған медициналық көмек көрсету жалғасатын болады», - делінген министрлік хабарламасында.