ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 7800-ге жуық адамнан вирус анықталды

Вакцинация: Қай емханаға тіркелгеніңізді қалай анықтауға болады

Бір мезгілде көп адам жиналмас үшін вакцинация алдын ала жазылу арқылы жүргізіледі

Нұр-Сұлтанда қала тұрғындарын коронавирусқа қарсы вакцинациялауға жазылу басталды. Вакцина алуға өтінім қалдыру үшін тіркелген жері бойынша немесе Damumed мобильді қосымшасы арқылы өз емханаңызға тіркелу қажет, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мобильді қосымшада пациенттің жеке кабинеті арқылы учаскелік дәрігердің қабылдауына жазылу және ескертпеде оның КВИ-ға қарсы екпе алғысы келетінін көрсету қажет. Сонымен қатар, жақында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «электрондық үкімет» порталында өтінімдер қабылдауды бастайды.

Елорда тұрғыны қандай емханаға бекітілгенін Smart Astana мобильді қосымшасы арқылы «Медицина» бөлімінде «Менің емханам» бөлімшесі немесе «109» iKOMEK Бірыңғай байланыс орталығы арқылы білуге болады.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов атап өткендей, егу пунктерінің саны үш есеге жуық, яғни 36-дан 100-ге дейін артты. Бұл алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары, яғни емханалар, отбасылық денсаулық орталықтары, дәрігерлік амбулаториялар және т.б. вакцинация пунктерінің жұмыс уақыты сағат 8:00-ден 00:00-ге дейін ұзартылды.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының https://uoz.astana.kz/ru/vakcinaciya_dlya_gorozhan/ сайтында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарының байланыс нөмірлері, мекенжайлары көрсетілген тізім жарияланды.

«Вакцинация адамдардың бір мезгілде көп жиналуын болдырмау және қала тұрғындары үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасау үшін алдын ала жазылу арқылы жүргізіледі. Бұл вакциналарды медициналық мекемелер арасында біркелкі бөлуге мүмкіндік береді. Жасына байланысты шектеулер мен медициналық көрсеткіштерді ескере отырып, 600 мыңнан астам тұрғын вакцинациялауға жатады. Тек сәуір айында ғана Денсаулық сақтау министрлігі (СК-Фармация) 280 мыңнан астам доза вакцина жеткізуді жоспарлап отыр», — деп атап өтті Алтай Көлгінов.

Апта соңына дейін елордалық медициналық мекемелер вакцинацияға ниет білдірушілерді тіркейтін болады және осы аптаның соңында тұрғындарды жаппай вакцинациялауға кіріседі.