ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2656 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Бұрын жемқорлық жасаған азаматты жұмысқа алған басшы 300 мың теңге айыппұл төлейді

Бұл тек мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектор басшыларына қатысты

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне енгізілген өзгерістер туралы айтып, жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдамаған лауазымды тұлғаларға 300 мың теңге айыппұл салынатынын айтты.

«Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тұрғысынан маңызды саналатын, мемлекеттік орган басшыларының және өзге де лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілігін көздейтін Кодекстің 680-бабы – аталған лауазымды тұлғаларға 100 АЕК көлемінде, бұл шамамен 300 мың теңге айыппұл салуға әкеп соғады» - деді О.Бектенов.

Сондай-ақ бұрын жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдағаны үшін мемлекеттік органның немесе ұлттық компанияның басшысы өз қалтасынан 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

«Бұл жерде маңызды мәселе – сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа орналастыруға тыйым салу туралы талап бұған дейін тек мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордың басшы лауазымдарына қатысты болғанын атап өткім келеді. Енді биыл жыл басынан бастап күшіне енген Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдарды кез келген квазимемлекеттік сектор лауазымына қабылдауға толық тыйым салынды», – деді агенттік төрағасының бірінші орынбасары.