Шенеуніктер қандай сыйлық алғаны үшін 1,8 млн теңге айыппұл төлейді?

Заңсыз материалдық сыйақы берген жеке тұлғалар да әкімшілік жауапкершілікке тартылады

Шенеуніктер қандай сыйлық алғаны үшін 1,8 млн теңге айыппұл төлейді?
көрнекі сурет

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне енгізілген өзгерістер туралы айтты.

«Кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша құзіретін бекітетін Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне енгізілген өзгерістер қолданысқа енгізілді», – деді О.Бектенов. 

Агенттік төрағасының орынбасары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 15-бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру құқығы берілгенін атап өтті.

Олардың ішінде Кодекстің алты сыбайлас жемқорлық бабы (ӘҚБтК-нің 676-681-баптары), кәсіпкерлік қызмет саласындағы екі құрам (ӘҚБтК-нің 154, 173-баптары), мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын және әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізу кезіндегі бұзушылықтарға байланысты жеті құқық бұзушылық (ӘҚБтК-нің 658-662, 665, 667-баптары) бар.

Агенттік төрағасының бірінші орынбасары әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың нақты құрамы туралы егжей-тегжейлі айта келе, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген немесе оған теңестірілген тұлғалардың жауапкершілігі туралы баяндады. Атап айтқанда, өзі немесе делдал арқылы заңсыз материалдық сыйақыны, сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді ұсынған адамдардың пайдасына әрекеттері (әрекетсіздігі) немесе жеңілдіктер беру үшін, егер мұндай әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса көзделген жауапкершілік туралы айтып берді.

«Бұл жағдайда жоғарыда аталған лауазымды тұлғаларға 600 айлық есептік көрсеткіш немесе 1,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін», – деді О.Бектенов. 

Ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілерінің жоқтығын түсіндіре отырып: «Егер алынған заңсыз сыйақы немесе сыйлық сомасы 2 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ол бүгінгі күні 5 834 теңгені құрайды, алдын ала уағдаластық болмаса немесе сыйақыны қорқытып алмаса, онда мұндай құқық бұзушылық қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды және әкімшілік тәртіппен жазаланады», - деп атап өтті.

Заңсыз материалдық сыйақы берген жеке тұлғалар да әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

«Сыйақылар, сыйлықтар немесе жеңілдіктер бергені үшін жеке тұлғалар ӘҚБтК–нің 676-бабы бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, бұл шамамен 600 мың теңге», - деді О.Бектенов.

Бұл ретте, егер мұндай сыйақы немесе сыйлық заңды тұлға тарапынан берілетін болса, онда мұндай әрекет ӘҚБтК-нің 678-бабы бойынша сараланады және мұнда айыппұл 700 АЕК-ке дейін өседі, бұл 2 млн теңгеден астам.

Мұндай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда заңды тұлға екі есе – 1500 АЕК немесе 4,5 млн теңге төлейді.

«Қазір заңнамада сыйлықтар беруге және алуға толық тыйым салынғанын тағы бір мәрте еске салғым келеді. Мұндай норма өткен жылдың соңында қолданысқа енгізілді», - деді О.Бектенов.

Ол сыйлық берушілерге арнаған сөзінде мемлекеттік қызметшілерге және оларға теңестірілген тұлғаларға мемлекеттік және басқа да қызметтер көрсеткені үшін материалдық алғыс айту әдетінен бас тартуға шақырды, өйткені мұндай әрекеттер берушілер үшін де, олар берген шенеуніктер үшін де теріс салдарға әкелуі мүмкін.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.