$ 515.18  570.66  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.04.2021, 14:33
Жаңалықтар

Қабдеш Жұмаділовті ақтық сапарға шығарып салуға 200-ге жуық адам қатысты

Марқұмның жаназасы Алматыдағы үйінің алдында шығарылды

Қабдеш Жұмаділовті ақтық сапарға шығарып салуға 200-ге жуық адам қатысты
фотолар: sputnik.kz

Алматылықтар Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовті ақтық сапарға шығарып салды. Қаламгер тұрған үйдің алдына 200-ге жуық адам жиналып, марқұмның жаназасы шығарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жиналғандардың арасында Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дауешов, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев қатысты.

Сонымен қатар қаламгердің туыстары мен ұлы Арман Қабдырашитұлы болды.

Қаламгермен қоштасу рәсімінде алғашқы сөз Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке берілді. Ақын өз сөзінде Қабдеш Жұмаділовтің өткен ғасырдың екінші жартысында бір топ қазақты соңынан ертіп, атамекенге оралғанын ерекше атап өтті.

«Бүкіл ғұмырын еліне, жұртына арнаған, қаламының қарымын өз жұртына жұмсаған нағыз жазушы, қара қылды қақ жарған әділ адам, қажымас қайсар күрескер, ақиқат пен шындықтың жолында ғұмырын сарп еткен ұлттың абыз ақсақалы дәрежесіне көтерілген абзал ағамыз еді. (...) Шекарадан Қажытай ағам (Қажытай Ілияс – Sputnik) екеуі ғана өтіп қоймай, соңынан қаншама жүз мың адамды ілестіріп келіп, өзі «Соңғы көш» деп ат қойған көш алып келіп еді. Қазақ деген халықтың қатарын толтырып, кемістігін, олқылығын толтырып, санын көбейтіп, сапасын арттырды. 1950-60 жылдары келген қазақтың ұрпақтары керемет биіктерге, мемлекеттің туын тігіп, іргесін бекітуге, тәуелсіздіктің нығаюына еңбек сіңірді», - деді Есдәулет.

Ол сондай-ақ, Қабдеш Жұмаділовтің жазушы ретінде ерекшелігін атады.

«Ол кісінің басқа жазушылардан ерекшелігі – бір дәуірді ғана емес, бірнеше дәуірді қамтып жазды. Арғы тарихты, бергі тарих пен бүгінгі күнді жазды. Ол кісінің айқасып-шайқасып араласпаған саласы жоқ. Қазақтың құлап бара жатқан бір шаңырағын түзетсем, қисайып бара жатқан арбасын түзетсем деген үлкен ниетін іске асырып кетті. Айтқанын істеп, атқанын тигізді, дегеніне жетті деп ойлаймын. Ол кісінің жете алмағаны болса, осында тұрған ұрпақтары сіздер жеткізесіздер», - деді Қазақстан жазушылар одағының төрағасы.

Қаралы жиында Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дауешов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың көңіл айту хатын хатын оқып берді.

«Көрнекті қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовтің өмірден өтуіне байланысты орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын. Қабдеш Жұмаділұлы – қарымды шығармашылығы, қажырлы қайраткерлігімен қазақ әдебиетінің дамуына қомақты үлес қосқан аса талантты тұлға болатын. Дарабоз дарын иесі өзінің мазмұны бай көптеген әңгімелері мен хикаяттары, кең тынысты эпикалық романдары арқылы ұлттық прозаның өсіп-өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңіріп, қилы замандарда түрлі теперіш көрген қазақ халқының талайлы тағдыры мен тарихын, аумалы-төкпелі тұтас дәуірдің келбетін қапысыз сомдады. Оның соңында қалған кесек туындылары – әдебиетіміздің алтын қорында сақталатын шын мәніндегі құнды рухани қазына», - делінген Елбасының көңіл айту хатында.

5 сәуірде Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов 85 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Малдыбай ауылында дүниеге келген.

1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Алайда университеттің екінші курсынан кейін екі ел арасындағы саяси жағдайға байланысты кері шақырылып, 1958–1962 жылдар аралығында Қытайда қуғын-сүргінге ұшырады. 1962 жылы империя шекарасын бұзып өткен қазақ көшімен бірге атамекенге қайтып оралып, ҚазМУ-дегі аяқталмай қалған оқуын қайта жалғап, 1965 жылы бітіріп шықты. «Қазақ әдебиеті» газетінде (1965–1967), «Жазушы» баспасында (1967–1976), Мемлекеттік баспалар комитетінде (1976–1981) жауапты қызметтер атқарған.

«Соңғы көш», «Бақыт жолында», «Атамекен», «Тағдыр», «Дарабоз» сынды романдар мен бірнеше әңгімелер жинағының авторы.

Серіктес жаңалықтары