Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін бекіту туралы саяси шешім кешігіп жатыр – сарапшылар
Azattyq Rýhy тілшісі латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасын бекіту туралы сарапшылармен тілдесті
Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасын бекіту туралы жарлықтың шығатын уақыты беймәлім. Биыл ақпанда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова қазақ тілінде жазуды ауыстыруға қатысты саяси шешім наурызда қабылдануы мүмкін деген еді. Яғни осы күнге дейін ғалымдар, тілшілер өз ұсыныстарын айтты. Ол – емле-ережелерді әліпбимен бірге бекіту мәселесі. Егер латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасы мақұлданса, ережелердің де бірге қабылданғаны керек. Себебі қаншама адам латын графикасында жазуға құлшынып отыр, қоғам дайын деген болатын институт директоры.
Azattyq Rýhy тілшісі латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасын бекіту туралы Президент жарлығы қашан шығады деген мәселеге қатысты сарапшылардың пікірін тыңдады. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бұрынғы директоры, филология ғылымдарының докторы Ерден Қажыбек саяси шешім қабылдауға асықпау керек деген ой айтты.
Фотосуретте: Ерден Қажыбек
ҚАЗАҚ-ОРЫС ӘЛІПБИІН ЕМЕС, ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІН ЖАСАУЫМЫЗ КЕРЕК
Ғалым Ерден Қажыбек биыл 28 қаңтарда қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында ұсынылған жобаны «соңғы нұсқа» деп айтуға болмайды дейді. Бұл жолы да тек қазақ әліпбиі емес, қазақ-орыс әліпбиі қабылданып кетейін деп отыр. Осы жолы да қазақ тіліне жат, бөтен таңбалар еніп кетіп отыр. Сондықтан асығуға болмайды. Ғалымдар жақсы жұмыс істеді, енді азғантай бітпеген шаруа қалғанда, аптықпай, соларды тағы да талқылап алған жөн дейді тіл маманы.
«Саяси шешімнің кешігіп отыруына байланысты менің пікірім мынадай. Мұны соңғы нұсқа деп айтуға ерте. Себебі ол аяғына дейін барлық мәселесі дұрыс шешілген нұсқа емес. Оны мен үнемі айтып келемін. БАҚ беттерінде орысша да, қазақша да айтып жүрмін. Өйткені біз ешкім оқи алмайтын, ешкім жаза алмайтын жаңа бір латын әліпбиін шығару үшін емес, бүкіл туыс түркі елдерімен бір нұсқада жазуды ойлауымыз керек. Олар біздің, біз олардың жазғанын оқи алуымыз керек.
Себебі біздің тілдер өте жақын. Мысалы «ай» деген сөзді алсақ, бүкіл түркі жұрты үшін мағынасы мен айтылуы бірдей. Жалпы сөздердің 50 пайызы бізде бірдей. Қырғыз, қазақ, башқұрт, ноғай, татар да өздері бір-бірін жақсы түсінеді. Ендеше жазылуында да алшақтық аса болмағаны жөн. Меніңше, тілде қанша дыбыс бар, сонша әріп болуы керек. Бөтен әріптердің кірмегені дұрыс. Шет тіліндегі дыбыстарды таңбалайтын әріптерді біз өзімізге кіргізбесек деймін. Бірақ соңғы нұсқада осылар бар, қайтадан орыс тілінің кейбір әріптерін енгізіп отырмыз. Ол дұрыс емес, Осындай азғантай бітпеген шаруа бар», - дейді Ерден Қажыбек.
Белгілі ғалым қазіргі мемлекет басшысы (Қасым-Жомарт Тоқаев - ред.) бәрінен хабардар, көріп, мұқият бақылап отыр дегенді айтты. Бірақ ол ғалымдар асықпай шешіп, барлық пікірілер айтылсын деп күтіп отыр. «Оқымыстылардың айтқан ұсыныстарын екшеп, біз қазақтың әліпбиін жасауымыз керек деген ойда екеніне сенімдімін» дейді Е.Қажыбек.
САЯСИ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУДЫ «Ң» ДЫБЫСЫНА ҚАТЫСТЫ ТАЛҚЫЛАУЛАР КЕШКТІРІП ОТЫР
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл комитеті төрағасы Әділбек Қаба дәл қазіргі уақытта латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін бекітудің соңғы процедуралары жасалып жатқанын айтты. Қазір кейбір дыбыстарға қатысты талқылаулар аяқталып қалды. Ғалымдар оны өздері техникалық жұмыс тобында сараптап, шешім қабылдаса, сосын ұлттық комиссияда тағы бір рет қаралады. Одан соң Үкіметте қаралады, ары қарай Президент әкімшілігіне жолданады дейді комитет басшысы.
Шенеуніктің айтуынша, 2021 жылы 28 қаңтарда ұсынылған жобада «ң» дыбысының таңбалануына қатысты түрлі пікірлер қалыптасып отыр. Ғалымдар тобы оның пернетақтада көрсетілуі, интернет желісінде қолданылуы, сосын тілімізден жоғалып кетпес үшін не істеу керек деген жағын қайтадан екшеден өткізіп жатыр. Жалпы басқа дыбыстарға байланысты мәселе жоқ, деді тіл маманы.
«Дәл қазіргі уақытта әліпбиді бекіту қаралып жатыр. Жақын уақыттарда болып қалады деп, біз де күтіп отырмыз. Енді бірді-екілі дыбыстарға байланысты ескертулер бар. Мына «ң» дыбысына байланысты соңғы уақытта басқа бір таңбамен көрсеттік қой. Құйрығы бар «ŋ»-ды айтып отырмын. Ғалымдардың бұлай таңбалауы бұл дыбыстың сақталып қалуына, тілдік қолданыстан шығып кетпеуіне әсері болады деген мақсат болған еді. Өзіңіз білесіз, славян саналатын украин халқында да бұл дыбыс болған. Сөйтіп олар оны жоғалтып, ақырында «ң» дыбысына ескерткіш қойды. Алайда бұл дыбысты интернетте іздеген жағдайда табылу мәселесі, яғни техникалық жағынан қиындықтар болатын сияқты. Себебі қазір дәл осылай қабылдасақ, қолданысқа еніп кетеді. Қазір нақты осы дыбысқа қатысты талқылау жүріп жатыр», - дейді Әділбек Қаба.
Фотосуретте: Әділбек Қаба
Біз осыған байланысты екі нұсқаны ұсынған болатынбыз, яғни құйрықты «ŋ» және диакритикалық таңбаны қолдану. Осымен өтсе жақсы болар деген мақсатпен бергенбіз. Бірақ астындағы және үстіндегі сызықшалар көбейіп кетеді деген мақсатпен көзшалымдыққа кішкене дұрыс болар деп, аяғы ұзартылған «ŋ» дыбысын алып қалдық. Енді жақын күндері ғалымдар осыны нақтылап берсе, ары қарай саяси шешім қабылданады деп ойлаймыз дейді Тіл комитеті төрағасы.
«САЯСИ ШЕШІМДІ КҮТІП ОТЫРМЫЗ. НАУРЫЗ ЕМЕС, СӘУІР БОЛДЫ»
Осы істің басы-қасында жүрген Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова біздің ғалымдар мақұлдап, шешкен нұсқа қабылданады деп асыға күтіп жүрміз. Ұлттық комиссия отырысында ұсынылған жобаға қатысты жарлық наурыз айында шығады деп еді. Кешігіп жатыр. Өзіміз де алаңдап, елеңдеп отырмыз дейді ғалым.
Айта кету керек, ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын биыл қаңтардың соңында өткізген болатын. Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, қазақ тілі әріптерінің пернетақтада орналасу тәртібінің жобасы туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, латын қарпіне негізделген әліпбиге көшу жөніндегі алдағы жұмыстар туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндады.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2017 жылы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары басталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 21 қазанда латын графикасы негізінде қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөнінде тапсырма берді.
Соңғы нұсқа қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр делінген еді.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы