$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.04.2021, 15:26
Жаңалықтар

Алматы облысында мас күйде оқушы қыздарды қаққан жүргізуге қатысты жаза күшейтіледі

Жол апатынан екі қыз көз жұмды, жүргізуші қазір тергеу изоляторында қамауда отыр

Алматы облысында мас күйде оқушы қыздарды қаққан жүргізуге қатысты жаза күшейтіледі
кадр: видео

Алматы облысында 4 оқушы қызды көлігімен қағып кеткен жүргізуші он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тіпті, күдікті белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырыла отырып, жеті жылдан он жылға дейін сотталуы мүмкін Бұл туралы өңірдің полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Оқиға 2 наурыз күні Еңбекшіқазақ ауданы Қорам ауылында болған. Кешкі сағат 18:40-та Арзиев көшесімен солтүстік бағытта келе жатқан «Уаз» автокөлігінің жүргізушісі жол жиегінде тұрған 8 және 9 жастағы төрт оқушы қызды қағып кетті. Полиция өкілдері көлікті басқарған Корам ауылының 54 жастағы тұрғынын ұстаған. Сондай-ақ оның көлікті мас күйде жүргізгенін анықтаған.

Жол апаты салдарынан үш қыз ауыр хәлде ауруханаға түсті, төртіншісі апаттан сақтанып үлгерген. 14 наурызда комада жатқан қыздардың біреуі көз жұмса, 4 сәуірде ауыр жарақатынан ем алып жатқан екінші оқушы жан тапсырды.

Екі қыздың өлімінен кейін күдіктінің әрекеті аса ауыр бап бойынша қайта сараланды.

«Алғашқыда жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 2-бөлігі бойынша басталды. Тергеу барысында қыздардың бірінің көз жұмуына байланысты іс 345-1-бап 3-бөлігі бойынша қаралатын болды. Енді екінші зардап шегушінің қаза болуына байланысты күдіктінің әрекеті Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігіне (Автомобильдi басқаратын адамның абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген, мас күйде жол жүрісі немесе көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы) қайта сараланды», - делінген хабарламада.

Осы оқиғадан кейін ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарын өз бақылауына алғанын хабарлады. Айтуынша, Мемлекет басшысы көлік жүргізушісін заңға сәйкес жауапқа тарту үшін аталған оқиғаны жан-жақты тексеру жөнінде тапсырма берді. 

Серіктес жаңалықтары