$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.04.2021, 13:21
Жаңалықтар

ҰБТ тапсырудың ережесі жарияланды

Биыл ҰБТ алғаш рет электронды форматта өткізілмек

ҰБТ тапсырудың ережесі жарияланды
Фото: ашық дереккөзден

Мемлекеттік білім грантын ұтып алуды көздейтін мектеп түлектері ҰБТ-ны екі мәрте тапсыра алады. Бұл туралы ОКҚ-да Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Биыл ҰБТ алғаш рет электронды форматта өткізілмек. Бұл жаңашылдық әсіресе талапкерлер үшін тиімді болмақ.

«ҰБТ бұрынғыдай 10 күннің ішінде емес, бұдан былай тестілеу 3 ай бойына электронды форматта өткізіледі. Қай күні,қандай уақытта және қай жерде тапсыратынын тест тапсырушы өзі таңдайды. Тағы бір артықшылығы – тест нәтижесі жұмыс күнінің соңында емес, тестілеу аяқталғаннан кейін бірден сол жерде жарияланады. Тестілеу қорытындысы бойынша жиналған ұпай саны экранға шығарылады. Сондай-ақ ҰБТ қатысушысы қандай сұрақтарға қате жауап бергенін бірден көре алады. Егер де тапсырушы нәтижемен келіспесе, сол сәтте 30 минуттың ішінде аппеляцияға беруіне мүмкіндігі бар», - деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры.

ҰБТ электрондық форматта "бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера" қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Аудиторияда не болып жатқанын көрсететін камералардан басқа, тестіленуші отыратын әр үстелдің үстінде тағы бір камера орнатылады. Сондай-ақ, ҰБТ-ға бөгде адамдарды кіргізбеу үшін Face ID цифрлық сәйкестендіру құрылғысы пайдаланылады.

«Ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ҰБТ-ны өткізу рәсіміне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Арнайы мониторингтік тобы мен "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің өкілдері шақырылады. Сонымен қатар ҰБТ тапсыру кезінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Тестілеу процесі шифрлау элементтері бар арнайы жабық VPN желісі арқылы жүзеге асырылады», - деп хабарлады Әділет Тойбаев.

Сонымен қатар, жас түлектер мемлекеттік грантқа ие болу мақсатында ҰБТ-дан екі рет өтулеріне мүмкіндіктері бар.

 «Тестілеу сәуір, мамыр және маусым айларында өткізілмек. Мәселен, егер талапкер сәуір айында тестілеуден өткен болса, оның ҰБТ-ны екінші рет бірнеше күннен кейін немесе мамыр не маусым айларында тапсыру мүмкіндігі болады. Тестілеуге бір күнде 2 рет қатысуға тыйым салынады», - деді Әділет Тойбаев.

Ал тестті тапсыру уақыты мен ондағы тапсырмалардың саны өзгеріссіз қалған.

«ҰБТ-ны әдеттегідей 3 міндетті және 2 бейінді пән бойынша тапсырады. Қатысушыларға 120 тест тапсырмасы беріледі, ең жоғарғы балл – 140. Тестілеу уақыты да өзгерген жоқ, бұрынғыдай 4 сағат (240 минут) беріледі», - деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры.

Тестілеудің барлық қатысушысы ҰБТ басталар алдында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес дезинфекциядан өтеді. Сонымен қатар, әрбір тест тапсырушының орны арнайы әйнекпен қоршалғаны белгілі болды.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары