Бестамақтағы шошқа фермасы: ауыл тұрғындары министр мен әкімге шағымын айтты

Экология министрі Ақтөбе облысындағы Бестамақ ауылы тұрғындарымен кездесті

Бестамақтағы шошқа фермасы: ауыл тұрғындары министр мен әкімге шағымын айтты
фото: Экология министрлігі

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Ақтөбе облысына сапары барысында Алға ауданы Бестамақ ауылындағы шошқа фермасына барды. Ауыл белсенділері ферма жұмысының қоршаған ортаға тигізіп жатқан зияны, экологиялық талаптардың бұзылуы туралы баяндады.

Министр Мағзұм Мырзағалиев пен Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин шаруашылық мекемесіне қатысты тексеру қорытындыларын жеделдетіп, мәселенің заң аясында орынды шешілуіне бірлесе ықпал жасайтындарын жеткізді.

«Біз жағдайдан хабардармыз, түсірген барлық видеоларыңызды көрдік. Өңірлерде не болып жатқанын білеміз. Мәселені заңды түрде аяғына дейін жеткізу керек. Біз тексеру процестерін жеделдетуге атсалысамыз», - деді министр.

Жергілікті халық мәселенің шешілуіне өз тарапынан барынша көмек көрсетуге дайын екенін айтты.

«Жерлестеріміздің талап-тілектері орынды. Осы мәселе көтерілген күннен бастап, ауыл тұрғындары сабырлық танытып, түсіністікпен қарап келеді. Шошқа фермасы бағытын өзгертуі керек немесе жұмысын тоқтатуы қажет. Дегенмен, бұл бір күннің шаруасы емес, қазір құзырлы мекемелер тарапынан қажетті шаралар қабылданып, жұмыс жүріп жатыр», - деп айтты өңір басшысы Оңдасын Оразалин.

Еске салсақ, 2020 жылы қараша айында Бестамақ ауылының тұрғындары шошқа фермасын жабуды талап еткен болатын. Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде лас заттар шығарындыларының шамадан тыс көлемі мен қалдықтары көму, өндірістік суды рұқсатсыз төгу фактілері үшін фермаға 7 млрд теңгеге жуық айыппұл салынды. Қазір сот процесі жалғасып жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.