ШұғылКоронавирус пен КВИ пневмониясынан қайтыс болғандардың саны жарияланды

Жыл басынан бері егістік техникаларын сатып алуға 24 млрд теңге жұмсалған

Бұл сомаға 1 112 техника бірлігі сатып алынған

Фото: ашық дереккөзден

Биыл 22,8 млн гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Майлы дақылдардың болжамды алаңы 3 млн. гектар, бұл өткен жылғы деңгейден 63,0 мың гектарға көп, азықтық дақылдар 3,4 млн. гектарды (114,5 мың гектарға көп) құрайды. Көкөніс-бақша дақылдарының алаңы өткен жылғыдан 16,0 мың гектарға асып, 280 мың гектарды құрайды», - деді министр.

Ведомство басшысы жергілікті атқарушы органдарға қарақұмықтың бұрын егістік алаңын 89 мың гектардан 103 мың гектарға дейін, картопты 197 мың гектардан 209 мың гектарға дейін кеңейту ұсынылғанын айтты. Сонымен қатар министр тұқым шаруашылығына қатысты деректермен бөлісті.

«2021 жылы тұқым шаруашылығын қолдауға 11,8 млрд. теңге бөлінді, бұл элиталық тұқымдарды қолдану мөлшерін 7,4 пайызға көбейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, биыл пестицидтерді субсидиялауға облыстардың жергілікті бюджеттерінде 30,6 млрд теңге көзделген», - деді министр. 

Отырыс аясында көктемгі дала жұмыстарына жұмылдырылатын техникалар мен жанар-жағармай мәселесі сөз болды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ ақпаратына сүйенсек, биыл жыл басынан бері 24 млрд теңге сомасына 1 112 техника бірлігі сатып алынған.

«Егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құралымдарында 141,7 мың трактор, 73,2 мың тұқымсепкіш, 221,2 мың топырақ өңдеу құралы бар. Егіс жұмыстарын жүргізу үшін Энергетика министрлігінің келісімімен ақпан-маусым айларына шамамен 380 мың тонна дизель отыны бөлінді.  Қазіргі уақытта облыстардың операторлары мұнай өңдеу зауыттарымен шарттар жасасу және диқандар үшін дизель отынын тиеп-жөнелту рәсімдерін жүргізуде», - деді Сапархан Омаров.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан