Түркістан-Ыстамбұл бағытындағы алғашқы әуе рейсі жөнелтілді
Бұл рейс аптасына 3 рет іске асырылмақ
Наурыз айының 21-і отандық FlyArystan лоукостері рухани қала – Түркістаннан әлемдік мегаполис Ыстамбұл қаласына өзінің алғашқы рейсін аттандырды. Ендігі кезекте бұл тарихи қалаларды байланыстыратын тұрақты рейстер аптаның сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері іске асады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Алғашқы Түркістан-Ыстамбұл-Түркістан рейсінің құрметіне орай Әзірет Сұлтан әуежайында ҚР ИИДМ ААК төрағасы Ластаев Талғат Тілеубекұлы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қалқаманов Сәкен Амангельдіұлы, FlyArystan әуекомпаниясының басқарушы директоры Адриан Хамильтон-Мансс пен Халықаралық Түркістан әуежайы атқарушы директоры Хасенов Марат Жумажанұлының қатысуларымен арнайы мерекелік брифинг өтті.
«Бүгінгі таңда Түркістан әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау шаһарларына сапарлар орындалып жүрсе, үстіміздегі жылдың 2 тоқсанынан бастап рухани орталық еліміздің 10 облысымен аптасына 53 рет жиілігінде байланысатын болады. Оған қоса Новосибирск, Бишкек және Ташкентке де тікелей рейстер орындалады» - деп атап кетті ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министірлігіне тиесілі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.
Дәл сол күні Атырау-Түркістан-Атырау бағытындағы алғашқы рейс аттандырылды. Бір бағыт бойынша билеттер құны 8999тг бастап құрайды. Рейс уақытының ыңғайлығына байланысты саяхаттаушылар Атырау және Түркістан қалаларынан байланыстырушы рейстер арқылы Ыстамбұлға ұша алады.
Билеттерді FlyArystan әуекомпаниясының мобильді қосымшасында немесе лоукостер сайтынан алуға болады.