Тараздағы жол құрылысының сапасы сын көтермейді
Тұрғындар жолдың жайын айтып шағымданды
Тараз қаласының тұрғындары жолдың жайын айтып шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тіпті бірі әлеуметтік желі арқылы балшық басқан көшені көрсетіп, «асфальт төселді» деген ақпар тек қағаз жүзінде орындалғанын айтты. Мұндай келеңсіздіктер былтыр да болған.
Сөйтіп, мердігерлер жол құрылысына құрамы күмәнді материалдарды пайдаланатыны белгілі болып отыр. Қар ерігеннен кейін Тараз қаласының жыртық-жамау жолдары қайта көрінді. Мамандардың айтуынша, бұл мердігердің жауапсыздығы болса керек. Мәселен, осыдан 2 жыл бұрын Қойгелді мөшесіндегі жылу құбыры жөнделген. Содан кейін жол жабындысы әр жерден ғана жамалған. Бірақ жол мамандары асфальттың жоба бойынша салынбағанын және сапасыз материал қолданылғанын анықтапты. Алайда бұл ескертуді жауаптылар елемеген де екен.
«Мердігер біздің ескертулерімізді ескерместен аталған материалдарды пайдаланды. Енді нәтижесін көріп тұрмыз. Жол бұзылып жатыр, кейбір жерлеріне тіпті асфальт төселмеген», - деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Жамбыл облысы бойынша инженері Қадыржан Мырзаев.
Бұл іс сотта қаралуда. Көшеней мен Сыпатай батыр көшелерінің де күйі мәз емес. Бірінде мердігер жұмысты аяқсыз қалдырса, енді бірінде асфальттың астыңғы қабатын нығайту жұмыстары өз деңгейінде жүрмеген. Соның салдарынан ойықтар пайда болыпты. Аталған кемшіліктер сот талқылануда екен. Өткен жылы осындай олқылықтар үшін коммуналдық қызметтер мен мердігерлерге айыппұл да салынған.