Нұр-Сұлтанда карантин кезінде 400 адам жүрген түнгі клуб анықталды
Мониторинг топтар күшейтілген жұмыс режиміне көшті
Нұр-Сұлтанда мониторинг топтар күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Елорданың барлық ауданында карантин шектеулерін бұзу деректерін анықтау және оларды болдырмау үшін рейдтер жүреді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
13 наурызға қараған түні мониторинг тобы BHB барында жұмыс режимі бұзылғанын анықтады. Мониторингтік топ сағат 00.19-да келгенде, мекеме карантин талаптарын бұзып, әлі жұмыс істеп тұрған. Онда бір уақытта әлеуметтік қашықтық пен маска режимін сақтамаған 400-ге жуық адам жүрген. Жиналған материал тиісті органдарға берілді.
Ақпарат бойынша, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап елорданың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына 287 шұғыл хабарлама келіп түсті. Олардың негізінде кәсіпкерлік субъектілерге карантин шектеулерін бұзу ісіне қатысты жоспардан тыс 280 тексеру жүргізілді.
Олардың қорытындысы бойынша 60,5 миллион теңгеден аса сомаға 261 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды.