Алматыда жаңа туған шақалаққа ауыр операция жасалды
Сәбидің кінәратпен дүниеге келетіні анасының құрсағында жатқанда анықталған
Алматыда дәрігерлер жаңа туған сәбиге ауыр ота жасады. Дүниеге келген шақалақтың анасын емуге еш мүмкіндігі болмаған. Сәбиге дәрігер-ортодонттың кеңесімен жедел операция жасалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ауыз қуысында артық ет өскен сәби 3 наурыз күні дүние есігін ашқан. Ол анасының құрсағында жатқан кезде-ақ, бет-жақ бөлігінде кінәрат бар екені белгілі болған. Арнайы мамандар қарап, қатты таңдайдың бір жақты саңылауы диагнозын қойған. Жаңа туған шақалақ бірден Алматы қаласы Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығындағы неонаталды хирургияның жансақтау бөлімшесіне ауыстырылды. Тексерістен өткеннен шақалаққа бірден отаға дайындық жүргізілген.
«Операцияны медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Балташұлы Нұғманов жасады. Мұндай күрделі ота – баланың емуіне кедергі жасап, ауыз қуысын жауып тұрған ісікті алып тастау үшін қажет еді. Операция кезінде ісік жоғарғы жақтың альвеолярлы өсіндісінен шыққаны белгілі болды. Ота сәтті өтті. Бүгінгі күні баланың жағдайы қанағаттанарлық», - деп хабарлады Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Орталықта 2019 жылдан бері «бет-жақ хирургиясы» профилі жұмыс істейді. Жыл сайын орталықтың бет-жақ хирургия мамандарына жүгінетін науқастар саны да, мамандандырылған көмек түрлері де артып келеді.
«Орталық хирургтерінің жас пациенттердің денсаулығын сақтауға қосқан үлесі өте зор. Хирургтар бірегей операцияларды сәтті жасайды. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін Орталық әкімшілігі осы бағытта мамандандырылған әлемнің жетекші клиникаларымен ынтымақтастық орнатқан. Мамандар жыл сайын шетелдік оқуға барып тәжірибе алмасады, сонымен қатар, елімізде бет-жақ хирургиясының негізгі мектебін құруда маңызды рөл атқарып отыр», - деді басқарманың баспасөз қызметі.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы