$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.03.2021, 17:50
Жаңалықтар

Бердібек Сапарбаев жайылымдық жерлерді бөлісе алмаған ауыл тұрғындарымен кездесті

Облыс басшысы жалақысын ала алмай жүрген «Луговой жылқы зауытының» жұмысшыларымен кездесті

Бердібек Сапарбаев жайылымдық жерлерді бөлісе алмаған ауыл тұрғындарымен кездесті

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Т.Рысқұлов ауданына жұмыс сапары барысында жайылымдық жерлерді бөлуге қатысты жергілікті тұрғындар арасында дау туындаған Тереңөзек ауылына ат басын бұрды. Олар аймақ басшысына әлеуметтік желі арқылы шағымданған. Сондай-ақ, жұмысшылары алдында жалақы берешегі бар «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-ға арнайы барды.

Жалпы, Тереңөзек ауылдық округі аумағындағы жайылымдық жер көлемі 42 233 гектарды құрайды. Мал бағуға арналған осындай ауқымды аумақ бола тұра, жергілікті тұрғындар өзара келісімге келе алмауда.

Тереңөзектіктер өздері айтқандай, ауылдағы көптеген отбасылар қораларында оншақты ірі қара және ұсақ малдар мен жылқылар ұстайды. Кейбіреулеріндегі мал саны жүз басқа дейін жетеді. Үш мыңнан астам адам тұратын ауылдық округте 2 493 бас ірі қара, 34 625 бас ұсақ мал және 1 144 жылқы бар. Барлығы 85 шаруа қожалығы тіркелген.

Жақында ғана 2305 адам тұратын Тереңөзек ауылының тұрғындары әлеуметтік желілерде жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін айтып, шағымданған болатын. Кездесу барысында Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов тұрғындар арасындағы келіспеушілік ауыл іргесіндегі жайылымдық жерлерге қатысты туындағанын атап өтті. Алайда, ол бұл жерлерді бөлу бекітілген нормаларға сәйкес жүргізілгенін жеткізді. Ол тұрғындарға ауыл сыртындағы 12 622 гектар жайылымдық жерлерді пайдалану бойынша ұсыныс білдірген.

Жергілікті тұрғын Алпыс Дүрменов жер бөлу кезінде әр ауладағы адам саны ескерілмегенін алға тартады.

«Меніңше, жайылымдық жерлер балалар санына қарамай, әртүрлі бөлінуде. Көп балалы отбасыларға да, бір балалы отбасыларға да бірдей көлемдегі жайылым тиеді», - деді ол.

Облыс әкімі кез-келген мәселе заң шеңберінде шешілетінін атап өтті.

«Ешқандай жер пайдаланусыз жатпауы керек, ол табыс әкелуі тиіс. Сондықтан бір апта ішінде аудан және ауыл әкімдері осы елді мекен маңындағы жерлерге талдау жүргізеді. Пайдаланусыз жатқан жерлерді иелері мемлекетке қайтаруы керек. Ол жергілікті тұрғындарға мал санына сәйкес бөлінеді», - деп түсіндірді Бердібек Сапарбаев.   

Дегенмен, аймақ басшысы малдың негізгі бөлігі ауыл сыртығындағы жайылымдарда жайылуы керектігіне тоқталып, онда жердің жеткілікті екендігін баса айтты.

«Қалай десек те, ауылдың іргесіндегі жер бәріне бірдей жетпейді. Сондықтан, малшы жалдап, алысқа жаюға тура келеді. Сондай-ақ, мұндай шағын аумақта 80-нен астам шаруа қожалығының болуы – өте көп, оларды біріктіру қажет. Бұған жергілікті ақсақалдар атсалысқаны абзал. Жалпы, бұл мәселелердің барлығын ауылдың бұрынғы әкімі шешуі керек еді», - деп атап өтті облыс әкімі.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев Тереңөзек тұрғындарына ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруде үй маңындағы жерлерді тиімді игерудің маңыздылығына тоқталды.

Сондай-ақ соңғы кездері «Луговой жылқы зауыты» ЖШС бірқатар келеңсіздіктерге тап болғаны белгілі. Осыдан аз ғана бұрын онда қызметкерлеріне жалақы төлеуге қатысты мәселе туындаған-ды. Бірнеше айдағы берешек мөлшері 100 миллион теңгеден асқан. Қазіргі таңда қарыздың негізгі бөлігі өтелген. Жылқы зауытының басшыларының бірі Александр Линниктің айтуынша, қалған 18,2 миллион теңге жұмысшыларға жақын арада төленбек.

«Осы айда мемлекеттен бізге тиесілі 46 миллион теңге мөлшеріндегі субсидияны алғаннан кейін, бірден жалақы бойынша барлық борыштарды өтейтін боламыз. Бұл ағымдағы жылдың қаңтар және ақпан айларындағы төлемдер. Кешіктіру біздің кінәмізден емес, жеткізушілерге қатысты болды», - деп түсіндірді ол.

Өңір басшысы барлық қарыздарды 20 наурызға дейін төлеу қажеттігін, сондай-ақ кәсіпорында жұмыскерлердің құқықтарын қорғаумен айналысатын кәсіподақтың құрылуы тиіс екенін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары