ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2656 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Ақтауда аяқсыз қалған құрылыс нысаны қоғамдық әжетханаға айналған

Қала тұрғындары әкімдікке шағымданды

фото: lada.kz

Ақтау қаласы 15 шағынаудан тұрғындары құрылысы аяқталмаған ғимараттың бүгінде жасөспірімдердің ойын-сауық алаңына, қоғамдық дәретханаға айналғанына шағымданып, қалалық әкімдікке жүгінді. Дегенмен, Ақтау әкімдігі әзірге бұл жағдайға ықпал ете алмайтынын айтқан. Бұл туралы lada.kz хабарлайды. 

Осыдан бірнеше жыл бұрын салынып басталған ғимарат құрылысы аяқсыз қалып, бүгінде жастардың көңіл көтеретін алаңына айналған.

«Ғимарат құрылысының қараусыз қалғаны еш түсініксіз. Әйнектері сынған. Жылы уақытта бұл жерге балалар келіп ойнайды. Бұл жер қауіпті емес пе? Айналасында арматуралар шығып тұр. Сондай-ақ, бұл жерге ерінбегеннің бәрі келіп әжетін өтейді, тіпті автобус жүргізушілері де», - деп шағымданды тұрғындардың бір.

Ал, қала әкімдігіндегілер бұл ғимарат пен жердің жекенің меншігінде екенін айтып, оған әзір араласа алмайтынын жеткізген.

«Жер мен ғимарат «Батша-Қуан» ЖШС-ға тиесілі. Мұнда Азқабатты тұрғын үйлер - таунхаустар салынуы керек еді. Біз құрылыстың не себепті тоқтатылғанын білмейміз. Бір білуімізше, бұл ғимаратты сот органдары тәркілеген, сондықтан қазір әкімдік араласа алмайды», - делінген әкімдік жауабында.

Ашық ақпарат көздерінде ЖШС басшысының («Батша-Қуан» - ред.) құны шамамен 1,5 миллиард теңгені құрайтын мұнай өнімдерін ұрлауға қатысты қылмыстық іске қатысы бары айтылған.