ШұғылЕлордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды

Алматыда туберкулезбен күрес айлығы басталды

Бүгін - Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күні

Фото: ашық дереккөзден

Елімізде 11,5 мың адам тубдиспансерде тіркеуде тұр. Тек былтырдың өзінде  жеті мыңға жуық тұрғын құрт ауруына шалдыққан. Араларында балалар да аз емес.Олардың саны бес жүзден асады. Елімізде  туберкулезбен күрес айлығы басталады. Пандемияны ескере отырып, іс-шаралар онлайн түрде өткізіледі. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов хабарлады.

«Басты міндет – «туберкулездің үкім емес екенін» айту. Айлықтың мақсаты халықтың туберкулезге қарсы іс - шаралар туралы және елдегі туберкулезді тексеру мен емдеудің тұрғындар үшін қолжетімді жағдайлары туралы хабардар болуын арттыру болып табылады», - деді ол.

Бүкіл әлемде атап өтілетін күннің міндеті барлық тұрғындарға туберкулез мәселесі біздің кез-келгенімізге әсер етуі мүмкін екендігін түсіндіру, сақтануға үндеу тастау. Осыған байланысты туберкулез дегеніміз не, оның неден басталатынын, қалай анықталатынын және қалай емделетінін тұрғындарға түсіндіру қажет.

«Егер туберкулезге тән белгілер болса, онда сіз медициналық ұйымға барып, тегін ем ала аласыз және емделу керек», - дейді Мәлік Әденов. 

Сондай-ақ спикерлер бірқатар ұсыныстар берді. Туберкулезбен ауырмау үшін салауатты өмір салтын ұстану маңызды. Сонымен қатар, қала тұрғындарының жеке гигиена және алдын алу шараларын - бетперде режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтауы COVID-19 сияқты ауа тамшыларымен берілетін туберкулездің таралуын болдырмауға да оң әсер етті.

Айлық аясында оқу орындарында және басқа да ұйымдарда күшейтілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, роликтер көрсетіледі, мектептерде осы тақырыпты дұрыс түсіндіруге қатысты конкурстар өткізіледі. Бұл туберкулез туралы айтудың қол жетімді әдісі, әрі ауруды толығымен емдеуге болады, емі бар және біздің елімізде бұл үшін қажет нәрсенің бәрі бар.

«Бүгінгі таңда барлық медициналық ұйымдар мен Алматы қаласының тұрғындары инфекциялық бақылау мен жеке қорғану құралдарының не екенін түсінеді», - деп атап өтті Алматы қ. Фтизиопульмонология орталығының директоры Жанар Сәпиева.

Сондай-ақ келесі 5 жылға арналған жаңа кешенді жоспардың енгізілгені туралы хабарланды.

«Біз биыл 2021-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспар әзірлеп, қабылдауды жоспарлап отырмыз, онда барлық іс - шаралар жазылады, соған сәйкес біз болашақта жұмыс істейтін боламыз», - деп хабарлайды Мәлік Әденов.

Айта кету керек, туберкулезге қарсы күрес жөніндегі 2014 - 2020 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде туберкулез бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдай байқалады. Соңғы 10 жылда туберкулезбен ауыру 2,3 есе азайды, 2009 жылғы 100 мың тұрғынға шаққанда 105,3-ке қарағанда, 2020 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 35,7-ні құрады, 2020 жылдың қорытындысы бойынша туберкулездің таралуы 100 мың тұрғынға шаққанда 49,3-ті құрады. Өлім көрсеткіші 6 есеге төмендеді.