Алматы тұрғындары саябақ аумағында салынғалы жатқан жатақхана құрылысына қарсы шықты
Олар жергілікті әкімдік тұрғындардан рұқсат сұрамағанын айтты
Алматы тұрғындары саябақ аумағында салынғалы жатқан жатақхана құрылысына қарсы шықты. Олар студенттер үйі бой көтерсе, саябақта еркін серуендеуден қаламыз деп қауіптенеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Құрылысқа қарсы шыққан халық жергілікті әкімдік тұрғындардан рұқсат сұрамады деп ашынады.
«Қазіргі студенттердің көбінің көлігі бар. Ертең мына жерге жатақхана салынса, көлік пен адам саны қаптайды. Аяқ алып жүру мүмкін болмайды. Бұл демалыс орны ғой. Керісінше саябақты көріктендірудің орнына оны құртып жатыр», - дейді тұрғындар.
Педагогикалық университеттің студенттеріне арналған алты қабатты жатақхананы саябақ маңына салу «заңға қайшы» дейді наразы топ. Құрылысы басталмай жатып дауға себеп болған жерде 323 студентке арналған жатақхана салынбақ.