ШұғылҚазақстанда коронавирусты қайта жұқтыру бойынша 800-ге жуық жағдай тіркелді

Бокстан Токио олимпидасына іріктеу турнирі өткізілмейтін болды

ХОК жолдаманы рейтинг арқылы үлестіруді жөн деп есептейді

Надежда Рябец, әйелдер арасында жолдама алған боксшы

Бокстан Токио олимпиадасына іріктеу айналымының Парижде ұйымдастырылуы тиіс финалдық кезеңі өтпейтін болды. Бұл туралы Халықаралық олимпиада комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды. Әлемдік ұйымның мұндай шешімді қабылдауына спортшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау мәселесі себеп болған. ХОК коронавирус инфекциясына қатысты әлемдегі ахуалды ескере отырып, аймақтық іріктеу турнирлерінен бөлек жолдаманы рейтинг арқылы үлестіруді жөн санады деп жазады. 

«Біз баршаңыздың бокстан Токио-2020 олимпиадасына іріктеу турнирлерін өткізуге қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Бұл жолда біздің басты басымдығымыз спортшылар болғаны анық. Осы орайда, ХОК халықаралық жол қатынастары мен әлем елдеріндегі шектеулерді толығымен зерттеді. Соңғы он күн ішінде біз Ұлттық олимпиадалық комитеттермен және федерациялармен, техникалық, медициналық мамандармен, сондай-ақ, боксшылармен ақылдаса келе, бокстан олимпиадаға іріктеу турнирінің жоспарына өзгеріс енгіздік. Өзгеріс енгізу барысында біз іріктеу турнирлерінің арасындағы демалыс уақытының кем дегенде 30 күнге жетуін, боксшылардың іріктеу додасына, сондай-ақ, олимпиада ойындарына тиісті деңгейде дайындалуын басты міндеттер қатарына қойдық. Сонымен қатар, мемлекеттер арасындағы жол сапарларына шектеудің енуі мен карантин талаптарының өзгеруі спортшылардың тиісті деңгейде дайындалуына кедергі келтіретіні анық болды», - делінген хабарламада. 

Осылайша, 2021 жылдың маусымына жоспарланған Париждегі әлемдік іріктеу турнирі өткізілмейтін болды. Финалдық іріктеу сынында ерлер 32, әйелдер 21 жолдаманы сарапқа салуы тиіс болатын. Енді аталған жолдамалар олимпиадалық салмақтар бойынша төрт құрлыққа (Азия/Океания, Африка, Еуропа, Америка) тең бөлінеді. 

Бокстан Қазақстан әйелдер командасының еншісінде 75 келіге дейінгі салмақта Надежда Рябец еншілеген жалғыз жолдама бар. Қазіргі сәтте бокстан қыздар командасының өзге мүшелерінде олимпиадаға баратын мүмкіндік аз. Өйткені, әлемдік рейтингте олардың шекті межеден өту мүмкіндігі төмен көрсетілген. Нақты шешім аймақтық іріктеу турнирлері түгел аяқталған соң анықталмақ.

Бүгінге дейін Азия/Океания аймағы мен Африкадағы іріктеу додасы аяқталды. Ал құрлықтық бәсекелер Америкада 10-16 мамыр аралығында, ал Еуропада маусым айында өтеді деп күтілуде. 

Еске сала кетейік, Қазақстан ерлер командасы Иорданияның Амман қаласында өткен аймақтық іріктеу турнирінде барлық лицензияға қол жеткізді.

Токио төрінде Сәкен Бибосынов (52 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Зәкір Сафиуллин (63 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Бекзад Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі) сынға түседі.