Түркістан облысында 22 жастағы депутат 100 отбасына азық-түлік таратты
Биыл облыстағы мәслихаттың құрамы 60%-ға жаңарды
Түркістан облысы, Келес ауданында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Тайқазан» жобасы аясында «Келес-Абай» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен игі іс-шара өтті. Қайырымдылық іс-шарасына Келес аудандық мәслихатының депутаты Мұхтар Әбдімәлік айрықша үлес қосты.
22 жастағы депутат әлеуметтік жағдайы төмен 100 отбасына азық-түлік таратуға демеушілік жасады. Ол «Nur Otan» партиясының праймеризі әрі жастар квотасы арқылы мандатқа ие болды. Ел алдында берген уәдені орындау басты мақсаты екенін айтқан ол депутаттық жұмысын игі іспен бастады.
«Мақсатым – ел сенімін ақтау. Партия бағдарламасындағы міндеттерді орындауға бар күш-жігерімді саламын», – дейді Мұхтар Әбдімәлік.
Азық-түлік пен тұрмысқа қажеті заттар салынған қораптарды «Jas Otan» жастар қанатығың еріктілері мен Келес аудандық «Жастар ресурстық орталығының» жастары мен тұрғындарға таратып берді. Көмекке ие болған тұрғындар депутат пен жергілікті имамдарға, ерікті жастарға ризашылықтарын білдірді.
Түркістан облысы бойынша облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттарға «Nur Otan» партиясы фракциясынан 263 депутат сайланған. Оның 37-сі – облыстық мәслихат депутаттары. Осылайша, мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы фракциясының құрамы 60%-ға жаңартылды. Қаңтар айынан қазіргі күнге дейін Түркістан облысында барлық деңгейдегі мәслихаттардың жаңа депутаттары 131 кездесу өткізіп, 329 тұрғынның өтініштері мен талап-тілектерін қабылдап үлгерді.