$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.02.2021, 11:54
Жаңалықтар

Қазақстандық дипломаттарды шетелде кім қорғайды?

СІМ басшысы егжей-тегжейлі жауап берді

Қазақстандық дипломаттарды шетелде кім қорғайды?
Фото: ашық дереккөзден

Премьер-Министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қазақстандық дипломаттар мен олардың отбасыларын шетелде кім және қалай қорғайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Сенатта «Дипломатиялық қызмет туралы» заңға түзетулерді қарау кезінде депутаттар СІМ басшысынан шетелдерде қазақстандық дипломаттардың қаншалықты қорғалғанын сұрады.

«Сыртқы істер министрлігі қарулы немесе азаматтық қақтығыстар жағдайында не шетелдік мекемелер мен олардың персоналының қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда, сондай-ақ дипломатиялық қызмет персоналының шетелдік мекемелері орналасқан жерлерде және олармен бірге жүретін отбасы мүшелеріне төтенше жағдайлар болған кезде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қорғауды ұйымдастыру үшін қандай шаралар қолданады? Біздің дипломаттарымыздың шетелде қорғалу дәрежесі қандай?», - деп сұрады сенатор Андрей Лукин Палата отырысында.

Мұхтар Тілеуберді Вена конвенциясына, сондай-ақ жалпы қабылданған халықаралық практикаға сәйкес, дипломатиялық өкілдіктердің қауіпсіздігін бірінші кезекте қабылдаушы тарап қамтамасыз етеді деп жауап берді. Қазақстан өз тарапынан тепе-теңдік негізде олардың дипломатиялық өкілдіктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

«Сонымен қатар, елшіліктердің көпшілігінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми өкілдері, қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілер бар. Олар біздің елшіліктеріміздің, дипломатиялық миссиялардың, ғимараттардың, резиденциялардың, дипломаттардың өздері мен дипломатиялық қызметкерлердің қауіпсіздігіне жауап береді.

Олардың желісі бойынша арнайы қызметтер арасында ықтимал қауіптер мен терактілер туралы ақпарат алмасу жүргізілуде. Өткен жылы біз Ауғанстан мен Пәкістанның арнайы қызметтерінен елшіліктерімізге төнуі мүмкін қауіптер туралы бірнеше рет ақпарат алдық», - деді министр.

СІМ басшысы әрбір елшілікте кезекші коменданттар бар екенін, олардың барлығының саны – 116 екенін атап өтті. Олар елшілік аумағын, резиденцияны тәулік бойы бақылауды қамтамасыз етеді. Бұл коменданттардың үштен бірі – объектілерді қорғау бойынша арнайы оқудан өткен шекара қызметінің өкілдері.

Бұдан басқа, әрбір елшілікте инженерлік-техникалық мүмкіндіктер бар. Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Қазақстанның қызметкерлері мен меншігін эвакуациялау жоспары әзірленді және бекітілді.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары