$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.02.2021, 16:28
Жаңалықтар

Tengri Bank-тің лицензиясынан айырылуының басты себебі айтылды

Банктің клиенттері алдындағы қаржылық міндеттемелерінің жалпы көлемі 74 миллиард теңгеден асқан

Tengri Bank-тің лицензиясынан айырылуының басты себебі айтылды
Фото: kapital.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктік реттеу департаментінің директоры Олжас Қизатов Tengri Bank-тің лицензиясынан не себепті айырылғанын хабарлады.

Айтуынша, 2020 жылдың басында банк салымшылар қаражаттарының айтарлықтай жылыстауын бастан кешірді, ал наурыз айында қаржы институты өтімділіктің тиісті деңгейін қамтамасыз етумен байланысты проблемаларға тап болды. 2020 жылдың 1 наурызынан бастап Tengri Bank реттеушінің пруденциалдық нормативтерін бұза отырып, банк клиенттеріне қызмет ете бастады. Нәтижесінде агенттік банктің акционеріне (PNB) банкті 2020 жылдың сәуір айының аяғына дейін капиталдандыру туралы қадағалау талабын жібергенмен, ол орындалмаған.

2020 жылғы наурыздан қыркүйекке дейін агенттік банк басшылығы мен акционерлерге қатысты 11 бұйрық және бір мәжбүрлеп қадағалау шарасын қабылдады.

«Реттеушінің қадағалауымен банк несиелерді қайта қаржыландыру және проблемалық несиелерді жинау бойынша іс-шаралар жүргізді, нәтижесінде банктің міндеттемелері 26,4 млрд теңгеге азайды, оның ішінде мемлекеттік компаниялар алдындағы қайтарылған міндеттемелер 5 млрд теңге», - дейді Олжас Қизатов.

Алайда Қизатов банктің қаржылық жағдайын жақсарту үшін бұл шаралар жеткіліксіз болғанын атап өтті.

2020 жылдың қыркүйегінде банктің қолжетімді өтімділігі шамамен 100 миллион теңге (238 мың доллар) болса, клиенттердің тарапынан орындалмаған төлемдер көлемі 8 миллиард теңгені (19 миллион доллар) құрады. Ал банктің клиенттері алдындағы қаржылық міндеттемелерінің жалпы көлемі 74 миллиард теңгеден (176 миллион доллар) асып кетті.

«Банк төлем жүргізуге қабілетсіз болды және оның тиімсіз бизнес-моделі жағдайды қалпына келтіру үшін қажетті табыс алып келуге мүмкіндік бермеді. Tengri Bank-тің төлем қабілетсіздігі ең алдымен қарыз беру портфелінің төмен сапасына байланысты болды. Лицензияны қайтарып алу кезінде берешек портфелінің 84%-нің мерзімі кешіктірілген болса, төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен кредиттер көрсеткіші 62% болған», - делінген агенттік хабарламасында.

Агенттіктің бағалауы бойынша, Tengri Bank несиелерінің 58% банк акционерлерімен және басшылығымен жанама байланысты адамдарға берілді және іс жүзінде қайтарымсыз болды.

«Қаржы институтының күрделі қаржылық жағдайын қазақстандық акционерлер арасындағы корпоративті даулар қиындатып, кейіннен олардың арасындағы сот ісіне ұласты. Банкте қаражат болмаған кезде және акционер Агенттіктің банкті капиталдандыру жөніндегі талабын ұзақ уақыт бойы орындамаған жағдайда, Банк пруденциалдық нормативтерді бұзып, Банк клиенттерінің төлемдері мен ақша аударымдарын орындамаған. Банк басшылығы мен акционерлері тарапынан туындайтын күрделі жағдайды түзету мүмкіндігінің жоқтығынан банкті лицензиясынан айыру туралы шешім қабылданды», - дейді ол.

Еске сала кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігі Tengri Bank акционерлік қоғамының басшылығында болған екі адамға іздеу жариялады. Атап айтқанда, агенттік Tengri Bank АҚ әкімшілік-шаруашылық департаментінің бұрынғы директоры Бақытов Алмас Бақытұлына (1977 жылы туған) және банкке бағынышты компанияларының бірініің басшысы болған Рахметова (Байжанова) Тоғжан Тілеужанқызына (1991 жылы туған) іздеу жариялады.

Былтыр Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Tengri Bank-ті банктік және өзге де операцияларды жүргізу жөніндегі лицензиясынан айырған болатын. Tengri Bank салымшыларына 10,7 млрд теңге төленді.

Серіктес жаңалықтары