Tengri Bank салымшыларына 10,7 млрд теңге төленді
30 қазаннан бастап лицензиясынан айырылған Tengri Bank салымшыларының кепілдік өтемі қайтарыла бастады
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры агент банк ретінде таңдап алынған Еуразиялық банк арқылы Tengri Bank салымшыларына алғашқы 5 күн ішінде 10,7 млрд теңге төледі. Бұл кепілдік берілген өтемді төлеу бойынша ҚДКБҚ міндеттемелерінің жалпы сомасының 60,4 пайызын құрайды.
Өтем алу бойынша агент банкке Tengri Bank-тің 2,3 мыңдай салымшысы өтініш беріп үлгерді. Олардың көпшілігі Алматы – 599 адам, Павлодар – 328 және Нұр-Сұлтан қаласынан – 319 адам.
ҚДКБҚ өтемді депозиттегі қалдық соманың, банк шоты немесе төлем карточкасындағы ақшаның көлемінде, бірақ кепілдік берілген ең жоғары сома аясында өзінің арнайы резервінен төлейді, яғни:
- теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 15 млн теңгеден;
- теңгедегі басқа депозиттер бойынша – 10 млн теңгеден;
- шетел валютасындағы депозиттер бойынша – валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды («Tengri Bank» АҚ лицензиясынан айырылған күні белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша).
Жеке тұлға немесе жеке кәсіпкердің банкте түрі мен валютасы бойынша екі және одан да көп кепілдендірілген депозиттері болса, ҚДКБҚ олар бойынша 15 млн теңгеден аспайтын көлемде кепілдік берілген жиынтық өтем төлейді. Бұл ретте шетел валютасындағы депозиттің 5 млн теңгеден аспайтын кепілдендірілген қалдығы бойынша шектеу ескеріледі.
Еске сала кетейік, 18 қыркүйекте «Tengri Bank» АҚ-ның лицензиясынан айырылғаны хабарланды.