Шымкент дәрігерлері қатерлі ісікке шалдыққан науқасқа күрделі ота жасады
Бұрын мұндай ота тек Алматыда немесе астанада жасалатын

Шымкенттегі онкологиялық орталықта хирургтер алғаш рет күрделі ота жасады. 21 жастағы азаматтың сан сүйегінде қатерлі ісік болған. Шымкенттік дәрігерлер науқасты аяғына тұрғызды, деп хабарлайды otyrar.kz.
«Сирек кездесетін мұндай саркомаға уақтылы ота жасалмағанда жас жігіт аяғынан айырылып, мүгедек болып қалатын еді», - дейді окнологхиругтер.
Үмиджан Тлапов бір апта бұрын тіптен жүре алмай қалған. 21 жастағы жігіт қатты ауырып, онкологиялық орталыққа жатқызылады. Ал бір жыл бұрын науқастың сан сүйегінде қатерлі ісік анықталып, дәрігерлер «остеосаркома» диагнозын қойған екен. Дерт асқынып, ісік сау ұлпаны зақымдай бастаған. Салдарынан Умиджанның аяғын кесіп тастауға қауіп төнген еді. Алайда дәрігерлердің консилиумынан кейін аяққа күрделі ота жасалды.
«Мен өзімді жақсы сезінемін. Қазір еш жерім ауырмайды, жүре аламын. Дәрігерлерге алғысым шексіз. Олар менің аяғымды сақтап қалды», - дейді емделуші Үміджан Тлапов.
Дәрігерлер Үмітжанның қатерлі ісігін алып, эндопротез имплантациясын орнықтырды. Енді ол тізе буын функциясын орындайды. Науқасқа отаны үш білікті шымкенттік хирургтер жасады.
«Ампутация жасалған адам мүгедек болып қалады, бірақ біз жаңа технологиялар бойынша науқастың аяғын аман сақтап ота жасадық», - дейді Шымкент қалалық онкологиялық орталықтың онкохирургы Самат Исмаилов.
Мұндай отаны шымкенттік онкохирургтер алғаш рет жасап отыр. Бұрын мұндай қатерлі ісікпен ауырған науқастарға отаны Алматыда немесе астанада жасайтын. Қатерлі ісіктің бұл түрі сирек кездеседі. Ең бастысы, аяқты және оның функциясын аман сақтап қалу дейді дәрігерлер.
«Операция барысында тізе буыны темір энопротезге алмастырылды. Мұндай ота Алматы қаласындағы Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында жасалады. Алайда соңғы жылдары эндопротез құрылғыларымен облыстық медицина мекемелері де қамтылуда. Сондықтан біз осы күрделі отаны жасай алдық», - деді Шымкент қалалық онкологиялық орталықтың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Аққали Маймақов.
Қазір дәрігерлер гистологиялық тексеру нәтижесін күтуде. Ол Үмиджанға химиялық терапия қажет пе, жоқ па, соны көрсетеді. Айта кетейік, алдағы уақытта бұл орталықта мұндай оталарды жасау жүйеге қойылмақ.