Алматыда 3 рет мас күйінде көлік жүргізген тұрғын бас бостандығынан айырылды
Сонымен қатар ол өмір бойы көлік құралын басқару құқығынан айырылды
Алматыда 3 рет мас күйінде көлік жүргізген тұрғын жүргізуші бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Алматы қалалық полиция Департаменті Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция Аюпов Ш. деген азаматты 2019 жылдың маусым айында ұстаған. Сот шешімімен көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған ол алкогольдік мас күйінде рөлге қайта отырды. Содан кейін, Әуезов аудандық сотының шешімімен жүргізуші ҚР ҚК-нің 346 бабы 1 бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оған көлік құралдарын басқару құқығынан 3 (үш) жылға айыра отырып, 100 (жүз) сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түрінде жаза тағайындады.
«Түзету жолына түспестен және өзі үшін тиісті қорытынды жасамай-ақ, дәл сол автокөлік жүргізушісін патрульдік полиция қызметкерлері 2020 жылы 9 желтоқсанда мас күйінде көлік құралын басқарған кезде ұстады. Кеше, 2021 жылы 3 ақпанда, Әуезов аудандық сотының шешімімен ол ҚР ҚК-нің 346 бабы, 1 бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды, оған 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру және өмір бойы көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды», - деп жазылған хабарламада.