Қызылжарлық кәсіпкер зығыр майын экспортқа шығармақ
Жаңа кәсіпорын бірер айда алғышқы өнімін шығарады
Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданында зығыр майы өндірілмек. Бизнесмен тауарды экспортқа шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Зығыр майы – жоғары сұранысқа ие өнімдердің бірі. Оны шығару үшін Солтүстік Қазақстан облысында шикізат қоры бар. Кәсіпкер бастапқыда айына 2 мың литр сұйық май өндірмек. Оған қажетті қондырғылар былтыр Түркиядан арнайы тапсырыспен алыныпты.
«Қарапайым заттар экономикасы» жобасы арқылы 6 пайыздық үстеме ақымен несие алдық. Бізді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қолдады. Бір айдан кейін қондырғылар әкелінді. Бүгінгі күні монтаждау жұмыстары аяқталды. Енді мамандарды күтіп отырмыз. Олар жергілікті қызметкерлерге жаңа техниканың тілін меңгеруге көмектеседі. Зығыр майын өндіру – көптен бері ойда жүрген идея еді. Сәті енді түсіп жатыр», - дейді «PANEM HLEB» ЖШС директоры Еркін Ерденов.
Жобаны жүзеге асыруға осы уақытқа дейін 100 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Мұның ішінде мемлекеттің қаржылай қолдауы да бар. Алдын ала болжам бойынша, кәсіпорында 20 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Мұнда жергілікті тұрғындар ғана еңбектенетін болады. Жалпы өндіріс ошағы айына 2 мың тонна сұйық май шығаруды жоспарлап отыр. Өнім Қазақстаннан бөлек, басқа да елдерге экспортталмақ.
«Зығыр майына қазірдің өзінде Германия қызығушылық танытып отыр. Болашақта басқа елдердің де нарығын бағындыру керек. Себебі бізде шығарылатын май экологиялық таза. Өндірісті іске қосқасын барлық стандартқа сәйкес келетін лицензия алып, экспорттаймыз. Сосын олар зертхана арқылы өнім сапасын анықтайды. Егер тауар көңілден шықса, май жеткізу бойынша бір жылдық мерзімге келісімшартқа қол қоямыз», - дейді Еркін Ерденов.
Жаңа кәсіпорын бірер айда алғышқы өнімін шығармақ.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО