Шымкенттік шенеуніктің қос азаматтығы бары расталды
Бұған дейін Шымкент әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарған
Шымкент қаласы полиция департаментіндегілер қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың қос азаматтығы барын растап, оны Қазақстан азаматтығынан айыру жайтын тіркеді.
Шымкент полициясының хабарлауынша, басқарма басшысы Олег Почиваловтың қызметінде заңбұзушылық болған. Бұл үшін шенеунік қазақстандық азаматтығынан айырылды.
«Шымкент қаласы Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы 1974 жылы туған Қазақстан Республикасының азаматы Олег Владимирович Почиваловтың қос азаматтықта болу фактісін анықтады. Азаматтық туралы заңның 21-бабына сәйкес, Көші-қон қызметі басқармасы Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру жайтын тіркеді», - деп хабарлады Шымкент қаласы ПД азаматтық және миграция бөлімінің басшысы Гүлжан Нысанбаева.
Шенеунікті ҚР азаматтығынан айыруды сот жүзеге асырады.
Айта кетерлігі, Олег Почиваловтың қос азаматтығы туралы ақпарат әлеуметтік желілерде 2020 жылдың желтоқсанында пайда болды. Алайда, желіде тараған ақпаратты жергілікті әкімдік өкілі жоққа шығарды.
«Шымкент қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың бір ғана азаматтығы бар екенін хабарлаймын. Ол Қазақстан Республикасының азаматы», - деген Шымкент қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Малика Жалилова.
Қазақстанда қос азаматтыққа заңмен тыйым салынған. Бұл туралы адвокат Айман Омарова айтты.
«ҚР азаматтығы туралы» заңы, 3-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматының басқа мемлекеттiң азаматтығында болуы танылмайды. 21-бабына сәйкес, «егер адам басқа мемлекеттің азаматтығын алған болса», ҚР азаматтығын жоғалтады.
Бұл жағдайда, жалған ақпаратпен лауазымға тағайындалды. Шенеунік заңды өзі бұзып отыр. Бұл - Қазақстан заңын сыйламай жұмыс істеу фактісі. Сондықтан, ол жұмыстан кетуі керек. Лауазымын пайдаланып, тағы қандай әрекеттер жасады, оны анықтау қажет. Заң бойынша, қос азаматтықпен жұмыс істегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуға да болады», - деді адвокат.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Қазақстан халқына жолдауында сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағандар үшін Қылмыстық кодекстегі жазаны қатайту туралы өзгеріс енгізуді тапсырып, мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаратындар арасында қос азаматтығы бар лауазым иелері анықталса, олардың қызметінен босатылатынын айтқан болатын.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың 10 желтоқсанында Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди қос азаматтықпен ұсталғандардың арасында мемлекеттік қызметшілер де барын айтты. Оның айтуынша, он бір айдың ішінде қос азаматтыққа қатысты 431 факт тіркелді. Соның ішінде Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында екі мемлекеттік қызметшінің қос азаматтықпен жүргені анықталды.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан