Оралда электр жарығымен қамтуға бөлінген жарты миллиард теңге қолды болды
Қаражат «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған жаңа ауданға бөлінген
Батыс Қазақстан облысын электр жарығымен қамтуға бөлінген жарты миллиард теңге жымқырылған. Қаржылық мониторинг агенттігі қомақты қаражат «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған жаңа ауданға бөлінгенін айтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
540 миллион теңгеге жуық бюджет ақшасы Орал қаласының маңынан салынуы тиіс елдімекенді жоспарлау жобасына арналыпты. Тергеу амалдарының басталғанын алға тартқан жергілікті әкімдік бұған қатысты тіс жармады. Ал, құзырлылар өзге ақпараттарды жариялаудан бас тартты.
«Департамент бұл қаражаттың БҚО, Орал қаласындағы тұрғын үй аймағына егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын электр қуатымен қамтамасыз ету нысанына салынғандығын анықтады. Тергеу мүддесіне орай, басқа ақпарат жария етуге жатпайды», - деді БҚО Экономикалық тергеулер департаментінің бас маманы Айнагүл Мұташева.