Қазақстанның 9 облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Бұл облыстарда жел соғып, көктайғақ болады

Қазақстанның 9 облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhyтілшісі Қазгидрометке сілтеме жасап.
3 ақпанда Қарағанды облысының кей жерлерінде оңтүстік-батыстан секундына 15-20 метрге дейін жететін жел соғып, көктайғақ болуы мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облысының басым бөлігінде түнде жауын-шашын (жаңбыр, қар) түседі. 3-4 ақпанда кей жерлерде тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын болады. 3 ақпанда оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғып, күші 15-20, екпіні 23-28 м/с болуы мүмкін. 4 ақпанда желдің күші кей жерлерде 15-20 м/с жетеді.
Түркістан облысының кей жерлерінде тұман сақталады.
3 ақпанда Шығыс Қазақстан облысында күндіз кей жерлерде жауын-шашын (жаңбыр, қар) болжанады. Кей жерлерде бұрқасын, тұман, көктайғақ болуы ықтималы. Оңтүстік-шығыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысып екпіні 15-20 м/с, күндіз 25 м/с жетеді.
Ақмола облысының кей аумақтарында тұман түсіп, көктайғақ, жаяу бұрқасын болуы мүмкін. Оңтүстік-батыстан түнде күші 15-20 м/с, күндіз кей жерлерде 15-20 м/с жел соғады.
Қостанай облысының кей жерлерінде жаяу бұрқасын, тұман, көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғып, оның жылдамдығы 15-20 м/с жетеді.
Жамбыл облысы мен Тараз қаласында тұман түседі. 3 ақпанда Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ болуы мүмкін.
Ақтөбе облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ болады.