ШұғылЕлімізде коронавирустан жазылғандар саны 196 мыңнан асты

Алматы облысында білім басқармасының басшысы ұсталды - БАҚ

Басқарма басшысымен қатар тағы екі шенеунік тергеу изоляторына қамалған

Майгүл Омарова, басқарма басшысы

Алматы облыстық Білім басқармасының басшысы ұсталды. Бұл туралы «Время» басылымы хабарлайды.  

Басылымда жарияланғандай, прокурорлар комитет мүшелерімен бірге Алматы облысы білім басқармасының бастығы Майгүл Омарованы қамауға алған. Одан бөлек басқармаға қарасты ақпараттық технологиялар аймақтық ғылыми-практикалық орталығының директоры Арапби Меңлібаев пен бөлімнің бас маманы Бақыт Абдолданованы да ұстаған. Басқарма басшыларына пандемия кезінде сатып алған техникалар арқылы пайда көрді деген айып тағылған. Тергеу изоляторындағы үшінші адам Бақыт Абдолданова облыстық білім басқармасына қарасты күрделі жөндеу және мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы лауазымын атқарған.

Тергеушілердің айтуынша, аталған үшеу пандемия жағдайында мектеп оқушылары үшін қашықтан оқытуға қажетті 2522 ноутбукты мемлекеттік сатып алу кезінде пайда көрген. Жалпы сомасы 406 млн теңгеге бірнеше жеке кәсіпкермен келісім жасаған.

Омарова, Меңлібаев және Абдолданова жеке-жеке тергеу абақтысына қамалған. Олардан 37 650 000 теңге тәркіленген. Бұл қаражатты басқарма басшылары тендер ұтқан компаниялардан сыйақы ретінде алған.

Ұсталғандарға қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 4-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.