«Спутник V» вакцинасының өзіндік құны - 11 мың теңге
Қазақстандықтарды вакциналауға 50 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр

Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары, Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасының бір дозасының өзіндік құны 26 долларды құрайтынын мәлімдеді.
Қазақстанда ресейлік вакцина ақпан айынан бастап өндіріле бастайды. Ресей мен Қарағанды фармацевтикалық кешенінде әзірленген вакциналардың құрамы бірдей болады.
«Әрине, вакцинаны Қарағандыда шығарудың артықшылықтары бар. Біріншіден, біз өндіріс процесіне тікелей қатысып, өзіміз бақылау жүргізе аламыз. Логистикамен байланысты қандай да бір шығындар да үнемделеді деп ойлаймын», – деді Ерлан Қиясов.
Сондай-ақ, вице-министр қазақстандықтарды вакциналауға жалпы 50 миллиард теңге бөлу жоспарланып отырғанын айтты.