ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 800-ге жуық адамнан вирус анықталды

Бес вице-министрге қатысты қылмыстық іс қозғалды – Алик Шпекбаев

Былтыр жемқорлық әрекеті үшін 210 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылды

Алик Шпекбаев, фото: kyzmet.gov.kz

Былтыр жемқорлық әрекеті үшін 722 адам сотталды, оның ішінде 1 облыс әкімі, 4 облыс әкімінің орынбасары, 2 жауапты хатшы, 2 комитет төрағасы, 1 елші, 5 судья, 10 аудан әкімі және олардың орынбасарлары бар. Бұл туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2020  жылдың қорытындысы бойынша өтіп жатқан алқа отырысында айтылды.

«Түрлі дәрежедегі 210 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 722 адам сотталды, оның ішінде бір облыс әкімі, 4 облыс әкімінің орынбасары, 2 жауапты хатшы, 2 комитет төрағасы, 1 елші, 5 судья, 10 аудан әкімі және олардың орынбасарлары бар. 5 вице-министр мен 5 комитет төрағасы мен олардың орынбасарларына, сонымен қоса квазимемлекеттік сектордың 5 топ-менеджеріне қатысты қылмыстық іс тергелуде», - деді агенттік төрағасы Алик Шпекбаев.

Оның айтуынша, бұлтартпас жаза толығымен қамтамасыз етіледі. Есептік кезеңде 25 аса ауыр және 1 368 ауыр қылмыстың, сондай-ақ жүйелі сыбайлас жемқорлыққа қатысты 112 фактінің жолы кесілген. Сотта 4 іс қаралып жатыр.

Сондай-ақ, агенттік басшысы «Астана LRT» құрылысы кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша бірқатар лауазымды тұлғалар мен мердігер ұйымдар басшыларының ісі сотқа жолданғанын айтты.

«СК-Фармация» басқармасының бұрынғы төрағасына қатысты тергеу аяқталды. БТА-Банктің ісі бойынша 12 млрд теңгеден астам залал өтелді. Тағы 6,4 млрд теңге «Азық-түлік корпорациясы» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасына қатысты қылмыстық іс аясында өтелді», - деді ол.