ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 857 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Адвокат Қызылорда облысының экс-әкіміне қатысты сот үкімімен келіспейді

Қызылорда облысының бұрынғы әкімі 7 жылға бас бостандығынан айырылды

Қуанышбек Ысқақов, фото: ашық дереккөзден

Былтыр желтоқсанда сот үкімі шыққан Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовтың адвокаты Ләззат Кендебайқызы Ахатова Facebook желісінде қылмыстық іске қатысты сот біржақты шешім шығарғанын, істе шикілік барын жазды.

«Экс-әкім қазіргі кезде «сәнге» айналған Қылмыстық Кодекстің 190-шы бабының 2 бөлімінің 4 бөлігімен, яғни алаяқтық бабымен 7 жылға сотталды. 8 баланың әкесі, білікті маман, ауған соғысының ардагері, ел азаматы Қ.Ысқақов 7 жыл арқалайтындай не істеді? Кімді алдады, қандай алаяқтық жасады? 2019 жылы Арыстағы апатты апат болған аймаққа, яғни Арыс оқиғасынан зардап шеккендерге сол кездегі облыс әкімінің барлық мекемелердегі жұмыскерлердің бір күндік жалақысы аударылу керектігі туралы бұйрығы 25.06.2019 жылы шығады. 25 маусымда, яғни аталған бұйрық шыққан кезде Қ.Ысқақов облыс әкімі емес, оның орынбасары қызметінде болған. Қызылорда облысы әкімі қызметіне Қ.Ысқақов бұйрық шыққаннан кейін үш күннен соң, 28.06.2019 ж. тағайындалады. Яғни, 25 маусымда өз әріптестеріне, облыс әкімі орынбасарларына ондай тапсырма беруге өкілеттігі болмаған. Алайда облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов тергеуге, сотқа берген көрсетпесінде «Қ.Ысқақовтың тапсырмасымен облыстағы 2000-нан астам мемлекеттік қызметкерлердің бір күндік жалақысы «Сыр мейрімі» қоғамдық қорына аударылды» деген. Алайда іс материалдарынан көрінгендей, бұл мәселені қозғаған, яғни жиналған ақшаны тікелей Арысқа емес, аталмыш қорға аударуды Р.Рүстемов мырзаның өзі ұсынғаны туралы жиналыс хаттамасы бар. Сонымен қатар, ол факт куәгерлердің көрсетпелерімен де қуатталады. Қылмыстық іс қозғалып, облыс әкімін орынбасарларымен қоса, 7 жылға соттауға басты негіз болған «қылмыс» осы оқиғадан арқау алып, ары қарай өрбиді», - деп жазды ол.

Адвокат қылмыстық іске тартылған басқа да тұлғалар тергеу және сот процесі кезінде берген жауаптарын сан мәрте өзгерткенін айтты.

«Мәселен, облыс әкімінің сол кездегі орынбасарлары Р.Рүстемов, М.Делмұханов, бұрынғы құрылыс басқармасының басшысы М.Алсериков, кәсіпкер Ж.Искаков болған жағдайды «белгісіз себептерге байланысты» нақты баяндаудан жалтарып, жауаптарын сан мәрте өзгерткенін іс құжаттарынан көруге болады..

Қ.Ысқақов өзінің кінәсіздігін объективті дәлелдердің жиынтығымен дәлелдеген сайын, іске куә ретінде қатысушылар өздерінің берген жауаптарын бірден өзгертіп жіберетіндері, ал тергеу органы олардың жүйесіз және тұрақсыз көрсетімдеріне бүкіл қылмыстық істің схемасын ыңғайлап келтіріп отырғандары іс материалдарында анық көрініп тұр. Іс бойынша тағы бір маңызды мәселеге мән берілмей қалған.

ҚР Бас прокуратурасының 22 маусымдағы істі қосымша тергеуге жіберу туралы қаулысының 9-ші пунктінде «25.06.2019 ж.қайрымдылық қорға ақша жинау мәселесіне Қ.Ысқақовтың қатыстылығын анықтау қажет» деген ескертпесіне тергеу органы Ысқақовтың бұл мәселеге қатыстылығы бар-жоғын анықтамаған. Тіпті, оған сот тарапынан да баға берілмеген! Қор директоры Абдрахимова төрт мекемеге аударған қаржының игерілуін растайтын құжаттарды жазбаша да, ауызша да сұратпағаны түсініксіз.

Оны сот тергеуі барысында үш мекеме басшысы А.Ерназаров, С.Садықов, Р.Иманова да толығымен растайды. Яғни Абдрахимова өзі ақымақтықпен не басқалай себеппен құжатсыз аудара салған қаражат үшін қорықса да, қор мен төрт мекеме арасында туындаған мәселені азаматтық іс тәртібімен шешу үшін ешқандай әрекет жасамаған. Бұл мәселеге тергеу орындары да, сот та назар аудармай отыр!», - деп, адвокат ҚР Бас прокуратурасына жүгінді.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 10 желтоқсанында Қызылорда қалалық №2 сотында Қуанышбек Ысқақовқа қатысты сот үкімі жарияланды. Сот шешімімен экс-әкімді жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтеуі керек. Сондай-ақ, Қуанышбек Ысқақов мемлекеттік, ұлттық және квазимемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан айырылды.