Ел-жұрт Қазақстаннан көшіп жатыр – Мәжіліс депутаты
Соңғы бес жылда елден 190 мыңға жуық адам көшіп кеткен

2019 жылы Қазақстаннан 45 225 адам көшіп кеткен. Жекелеген өңірлерде тұрғындардың депопуляциясы анық сезілуде. Осы және елге оралмай жатқан қандастар мәселесін бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Сауытбек Абдрахманов айтты.
«Миграциялық саясаттың 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасында «1991 жылдан бері елге келген этникалық репатрианттардың саны 1 миллион адамнан асты» деп көрсетілген. Алайда, кейінгі жылдарда, нақты айтқанда, 2012 жылдан бастап елден тұрғындардың көшіп кетуі күшеюінің жағымсыз үрдісі басталды, ол үрдіс қазір күшейе түсуде», - деді депутат.
Сауытбек Абдрахмановтың айтуынша, соңғы бес жылда (2015-2019 жылдарда) елден 189 765 адам көшіп кеткен.
«Ал көшіп келген этникалық қазақтардың саны – 70 933 адам. Айырмасы – 118 832 адам. 2017 жылдан бері миграцияның жыл сайынғы теріс сальдосы минус 30 мың адамдық шектен асып түсті. Қазіргі таңда Үкімет қаулысына сәйкес, қандастарымыз орналастырылатын өңірлер ретінде Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары бекітілген. Осы жеті облысқа этникалық қазақтардың көшіп келуіне бөлінген квота 2020 жылы 1378 адам болды. 2021 жылға бөлінген квота саны – 1426. Өсім жоққа жуық. Қандастарға арналған квотаның мұншама азайып кетуін ештеңемен түсіндіру мүмкін емес. Экономикалық ахуал анағұрлым күрделі болған кездің өзінде бұл квота жылына 10 мың мен 20 мыңның арасында еді, соның арқасында жылына мемлекеттің көмегімен 40 мыңнан 80 мыңға дейін адам шетелдерден көшіп келетін», - деді депутат.
Бұл күрделі мәселені шешу үшін депутат Премьер-министрдің атына сауал жолдады. Миграциялық саясаттың 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасының мерзімі биыл бітетіндігіне орай жаңа талаптарға сай келетін жаңа тұжырымда бекіту қажеттігін айтты.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан