ШұғылЕлімізде өткен тәулікте 142 адамнан коронавирус анықталды

Косметолог әйелді жауыздықпен өлтіргендерге сот үкімі шықты

Айыпталушылардың азаматтық некедегі ерлі-зайыптылар екені белгілі болды

Sputnik

Алматы облысында кісі қолынан қаза тапқан косметолог Батура Мамедованың ісіне қатысты сот үкімі шықты. Айыпталушылардың азаматтық некедегі ерлі-зайыптылар екені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, күдікке ілінгендер екі бап бойынша кінәлі деп танылып, 40 жастағы әйел адамды өлтіргені толықтай дәлелденді.

«Жангелді Қобыланов қарақшылық және адам өлтіру баптары бойынша кінәлі деп танылып, 17 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қауіпсіздігі барынша күшейтілген колонияда өтесін. Айдана Беренова да аталған баптар бойынша кінәлі деп танылып, 16 жылға бас бостандығынан айырылсын. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі колонияда өтесін», - деді Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айгүл Қасенова.

Айыпталушылар сот отырысында кінәләрін мойындайтынын жеткізіп, марқұмның туыстарынан кешірім сұрады.

Косметологтың туысы Гүлімзат Гадирова сот шешімінің «әділ болғанын» айтты.

«Үш бала анасыз қалды. Берілген жазаға келісеміз. Бірақ бұл біздің қызымызды, немерелеріміздің анасын қайтып тірілітпейді. Дегенмен де темір торда отырып өздерінің ең ауыр күнә жасап, асылымыздан айырғанын түсініп, жазасын алса екен», - деді ол.

Еске сала кетсек, Алматы облысында із-түссіз жоғалған сұлулық салонының қызметкері Батура Мамедованың денесі үш аптадан соң көрші ауданнан табылған. Кейін күдікті ретінде азаматтық некедегі ерлі-зайыптылар ұсталған болатын.