Биыл елордада 10 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды
Биыл жыл басынан бері қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына 18 мың адам жүгінген
Биыл жыл басынан бері қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына 18 мың адам жүгініп, оның 10 мыңы жұмыспен қамтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыс берушілермен бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді жинау және бос жұмыс орындарын «Еңбек биржасы» интернет-порталы арқылы жеке кабинеттерінде толтыру, халықты жұмыспен қамту саласындағы заңнаманы түсіндіру бойынша үнемі жұмыс жүргізуде.
Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде бүгінгі күні халықты жұмыспен қамту орталығымен қаланың 18 941 жұмыс берушісі жұмыс істейді, оның ішінде 6 000-нан астам жұмыс беруші электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, электрондық еңбек биржасында жұмысқа қосылған.
Орталық мамандарының мәліметінше, жыл басынан бастап 80 000-нан астам бос жұмыс орыны туралы мәлімет беріліп, оның 95%-ын жұмыс берушілер өз беттерінше орналастырған. Ал 100 000 теңгеден жоғары еңбекақысы бар бос жұмыс орындардың 49%-ын жұмыс берушілер жеке кабинет арқылы «Еңбек биржасы» интернет-порталында орналастырды.
«2019 жылдың басынан бастап елордалық жұмыспен қамту орталығына 18 000-ға жуық адам жүгініп, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен 11586 адам қамтылған (62,2%). 10 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқамерзімді курстарға 1119 адам жіберілді және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант беруге 889 бизнес-жоба мақұлданды», - делінген хабарламада.
Әкімдік те өз тарапынан жұмысқа орналасуға мұқтаж азаматтарды көбірек қамту және оларды жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейту үшін шаралар қабылдауда. Сол ретте қазіргі таңда қалалық 6 бос орындар жәрмеңкесі және 15 шағын бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.