$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.11.2019, 22:45
Жаңалықтар

«Алматыметроқұрылыстың» директоры қамауға алынды: Метро құрылысын не күтіп тұр?

Жұмысшылар жалақыны өсіруді талап етіп отыр 

«Алматыметроқұрылыс» АҚ директоры Қайрат Рейімовты құқық қорғау органдарының қызметкерлері сағат он бір жарым кезінде ұстап алып кеткен деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Отыз метр тереңдікте үш ауысыммен жұмыс істейтін жігіттер басшының қамауға алынғаны жұмысқа кері әсер етіп, айлықтың уақытында төленбеуіне әкелуі мүмкін дейді. Қазіргі таңда акционерлік қоғамда жеті жүзден астам адам жұмыс істейді. Олардың жалақысы 90 мен132 мың теңге аралығында екен. Жиналған жұмысшылар «бұл елдегі орташа жалақыдан әлдеқайда төмен»  деп шағымданды .

«Мен  отыз жылдан бері осы метрода жұмыс істеймін. Қолыма өткен айда алған ақшам 112 мың теңге. Айлықты көтереміз деп айтып келе жатқандарына 4 жылдан асты. Жұмысты бағалау дұрыс емес. 13 айлықты да  береміз деген уәдемен келеді», - деді жұмысшылардың бірі Ерболат Манасов. 

«Осында жұмыс істегеніме бес жыл болды. Оқу бітіре сала метро құрылысын салумен айналысып келем. Ең көп алған ақшам 120 мың теңге. Жылда айтылады, бірақ сол қалпы қалады. Айлықты көтеруді талап етіп жиналдық. Үш ауысыммен жұмыс істейміз. Жер астында тамақ та бермейді. Өзіміз алып келеміз. Жұмыс шахтадан да ауыр», - деді  Бекзат Жайдархан.

Басшылық «Сарыарқа» стансасына жиналған жұмысшыларға басу айтқанымен, сұхбат кезінде жұмыстың тоқтап қалуы қауіпі  барын жасырмады. 

«Алматыметроқұрылыс» АҚ басқарушы директоры Батыр Айдайбаев  акционердің қамауға алынғаны мәселені қиындата түседі деп санайды. Егер қаржыландыру тоқтаса, метроның жұмысы жүрмей қалады. Сондай ақ, қылмыстық іс кесірінен  компания сапалы мамандардан айырылып қалуы мүмкін. 

«Өкінішке қарай мемлекеттік бағалау бізге айлықты көтеруге мүмкіндік бермейді. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Рейімов. Ол осы компанияның  акционері. Ол өте көп мәселелерді шешетін еді. Бүгін шамамен түскі сағат 11:30-да ол қамауға алынды. Қаржыландыру мен жалақы төленбесе құрылыс та тоқтауы мүмкін. Қаржылық шешімдер тікелей акционерге байланысты. Енді не болатынын білмейміз. Метродағы жұмыс әзірге тоқтаған жоқ. Бірақ істі қиындатып жатыр. Қателеспесем, қылмыстық кодекстің 190 бабымен, алаяқтық деген күдікпен іс қозғалды. Басқа басшылар тергеуге тартылған жоқ. Компания толықтай жеке меншікте», - деді Адайбаев.

Ата кетейік, «Алматыметроқұрылыс» төңірегінде туындаған дау-дамай  6 жылдан бері салынып жатқан метро станцияларының құрылысына кері әсер етуі мүмкін екенін, бұдан бұрын да жазған болатынбыз. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары