Түркістанда тұтас бір шағын аудан жылусыз отыр
Бұл олқылықтың қашан ретке келетінін әзірге ешкім нақты айта алмайды
Түркістанда жылу құбырынан шыққан ақауға байланысты тұтас бір мөлтек аудан жылусыз қалды. Көпқабатты тұрғын үйлерді айтпағанда мектептер мен балабақшалардың да іші азынап тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл олқылықтың қашан ретке келетінін әзірге ешкім нақты айта алмайды. Белгілісі, жылу жүйесіндегі келеңсіздік үшін төрт қызметкер жұмысымен қоштасса, біреуі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Қара суыққа қақталып, жылуға жарымағандардың бірі Әбдірайымовтар отбасы. Бұл пәтерде екі қарт кісі мен жас балалар бар. Жарытып жылу бермегендіктен түнімен тоңып, дірдектеп шықтық дейді отағасы. Жаурағаны соншалық балалар үйде сырт киіммен жүр.
«2-3 тәулік бойы қызметкерлеріміз күні-түні іздеп бүгінгі күні тауып отыр. Қазір жайлап орнына келтіру жұмыстары атқарылуда. Мен өзім қарап отырмын. Жылу үйіне жетпеген күндерге жылу орталығы жеңілдік көрсететін болады. Біз осы аптаның ішде толық қалпына келтіреміз», деді Рашид Аюпов.