57 мың адамның несиесі өтеледі – Біржан Нұрымбетов
Нұрымбетов 2020 жылдан бастап мемлекет тарапынан бюджеттік салаға қатысты бірқатар шара қолға алынатынын атап өтті
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қаржы мәселесі шешілсе 57 мың адамның несиесі өтелетінін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Өздеріңіз білетіндей, Президенттің тапсырмасы бойынша несиелік жеңілдіктерге бес санаттағы адамдар ие болған еді. Бұл бір мезгілдік акция. Ресми нормативті құқықтық құжаттарға сүйенер болсақ, ол акция 5 қыркүйекте біткен. Дегенмен, өздеріңіз білетіндей, көптеген азамат бізге хабарласты. Қабылдауды тоқтатып жатқан жоқпыз», - деді Біржан Нұрымбетов Үкіметтің баспасөз орталығында.
Министр сонымен бірге бұл мәселеде туысқандық қатынасты дәлелдейтін құжаттардың ресми деректер қорында болмауы кедергі келтіріп тұрғанын айтып өтті.
«Сондықтан, ол кісілерге бұл мәселені реттеуге көмектестік. Екі ай бойы осы жұмыс істедік. 1 қарашаға дейін соның бәрін жасап, қосымша 57 мыңға жуық азаматты осы несиелік жеңілдікке құқығы бар адам ретінде белгіледік. Шарадан тыс көмекке ұсыныс жасап, тиісті қаражатты бөлу әрекетін жасадық. 9,4 миллиард теңге. 1 қарашаға дейін құжаттарын реттеген 57 мың адамның жылдың аяғына дейін қаржылық мәселе шешілсе, несиесі өтелетін болады», - деді Біржан Нұрымбетов Үкіметтің баспасөз орталығында.