ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1430 адамнан коронавирус анықталды

Тоқаев соңғы мақаласында қандай сөздерді жиі қолданған?

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы мәтінінің лингвостатистикасы жасалды

Фото: akorda.kz

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5 қаңтарда жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы мәтінінің лингвостатистикасын жасады.

«Мақала 1332 сөздің 3595 сөзқолданыс түрленімінен тұрады. Осы 1332 сөздің 560-ы зат, ұғым, түсінік аты болса, 301-і іс-қимылды, 243-і сынды, 71-і қимылдың сипатын білдіретін, қалғаны көмекшілік қызметтегі сөздер. Осы сөздердің 754-і тек бір рет қолданылған сөздер. Әдетте қоғам үшін жаңа өзектіленген ұғым, түсінік аттары осы сөздер қатарында көп болады, мақаладағы пандемия, вирус, технология, плюрализм, «soft power» (жұмсақ күш) сияқты сөздер мұның айғағы. Зат есімдер мен қимыл аттарының басқа типтегі сөздерден көп болуы, жиілігі 1-ге тең сөздер санының жиілігі жоғары сөздерден бірнеше есе көп болуы, сол сияқты ең жоғары жиілікке мазмұны солғын көмекші сөздердің ие болуы – жалпы кез келген тілге тән әмбебап заңдылық көрінісі», - делінген талдауда.

Мақала мәтінінде жиілік бойынша тізім басын «бол» көмекші етістігі бастап тұр екен. Сондықтан, Тіл білімі институты көмекші қызметтегі сөздерді ескермей, толық мағыналы ең жиі қолданылған сөздерді жинаған. 

Президент мақаласындағы ең жиі сөздер кестеде көрсетілген:

«Қоғамдық санада идеологиялық, базалық концептілердің қайсысы өзектіленіп отырғанын осындай жиілігі жоғары атауыш сөздер аңғартады. Мұндай пікірді алғаш айтқан философ ғалымдардың бірі М.Эпштейн жиілік сөздікті әлемнің тілдік бейнесі ретінде зерттеу құралына айналдыруды ұсынады. Ғалыммен келісе отырып, оның «сөздердің жиіліктік реті – бұл ұғымдардың жалпыхалықтық, стихиялық-демократиялық жүйесі» деген анықтамасының дәлдігіне тағы бір көз жеткіздік», - делінген зерттеуде.