Жамбыл облысында көпбалалы отбасы баспаналы болды
«Асарлатып үй салу» жобасы аясында бір ауданда 14 мұқтаж отбасы баспаналы болды

Жамбыл облысы Қызылшарық ауылындағы көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлады. Жамбыл ауданында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 14 мұқтаж отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жолғы баспана бақытына Бақытжан Абдуллаевтың отбасы кеңелді. Ол жұбайы екеуі алты бала тәрбиелеп отыр. Төрт бөлмелі кең үйдің құрылысына ауыл тұрғындары мен жергілікті кәсіпкерлер 12 миллион теңге жұмсаған. Барлық қажетті инженерлік желілер тартылып, ауласы асфальтталған.
«Мен облыс бойынша 100-ден астам отбасының жаңа үйлі болғанынан хабардармын. Таңдау менің отбасыма түскенін естігенде, қуаныштан төбем көкке жетті. Мен аудан басшылығына, ауылдастарыма шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Алла Тағала сіздердің игі істеріңіз үшін жүз есе сауаптан жазсын», - деп Бақытжан Абдуллаев ағынан жарылды.
«Қазақта асар дәстүрі о бастан болған десек, бұрын да барлығы жұмылып мұқтаж ауылдастарына қол ұшын беріп отырған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған жоба тұрғын үйге мұқтаж отбасылар үшін үлкен демеу болуда. Игі шара міндетті түрде жалғасатын болады. Бұл біздің халқымыздың жанашырлығы мен қамқорлығының жарқын көрінісі», - деп атап өтті аудан әкімі Сәкен Арубаев.