«47 адам сушиден уланған»: Кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғалды
Жапон тағамына қосылатын дәмдеуіштердің талапқа сай емес екені анықталды
Атырау облысына қарасты Жылыой ауданында суши сатқан кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Жүргізілген тексерулер нәтижесінде жапон тағамына қосылатын шаян таяқшасы мен дәмдеуіштердің талапқа сай емес екені анықталды. Егер тағылған айып дәлелденсе, кәсіпкер екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл төлеуі мүмкін. Немесе екі жылға дейiн бас бостандығынан айырылуы да ғажап емес.
Айта кетейік, Жылыой ауданында 47 тұрғын тағамдық токсикоз диагнозымен дәрігерлерге шағымданған еді.
«Суши тағамының құрамына қосылған краб таяқшасы мен соустардан алынған сынамалардың талдауы бойынша сәйкессіздік анықталды. Тағам дайындаған аспазшылардан стафилакокк ауруын қоздырғышы анықталды. Және алынған сүртінділерден шартты патоген хлорлары анықталды», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айнагүл Сәрсенғалиева.