ШҚО-да бұрынғы сүйіктісін зорлаған полицей 6 жылға сотталды
Әу баста жергілікті полицейлер әріптесінің қылмысын жасыруға тырысқан
Шығыс Қазақстан облысында бұрынғы сүйіктісін зорлаған экс-полицей алты жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.
Ер адам бұрынғы сүйіктісін арадағы қарым-қатынасы үзілгеннен кейін бір жыл өткен соң дүкенде кездестіріп қалған. Тергеу материалдарына сәйкес, ол әйелді күштеп көлікке отырғызып, әуежай жаққа алып барған. Сосын ұрып-соғып, зорлаған.
Әу баста жергілікті полицейлер әріптесінің қылмысын жасыруға тырысқан. Қылмысты жасыруға тырысқан 2 полиция бөлімінің қызметкерлері де тергеуге алынды.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнің аға прокуроры Әсет Мұқашевтың айтуынша, бұрынғы полицейге қатысты ұрлау, зорлау және бұзақылық баптары бойынша айып тағылды. Сот шешімімен оған алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Айыпталушы аппеляциялық шағым түсіргенмен, аппеляциялық алқа соты үкімін өзгеріссіз қалдырды.