25 желтоқсаннан бастап елордада супермаркеттер мен гипермаркеттер тәулік бойы жұмыс істейді
Бұл шешім үлкен кезектердің пайда болуына жол бермеу үшін қабылданды
Нұр-Сұлтанда 25 желтоқсаннан бастап сауда алаңы 2 мың шаршы метрден асатын гипермаркеттер мен супермаркеттерге тәулік бойы жұмыс істеуге рұқсат етілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов үлкен кезектердің пайда болуына жол бермеу үшін жаңажылдық мерекелер қарсаңында объектілерді тәулік бойғы жұмыс режиміне ауыстыруға рұқсат беруді тапсырды.
«Мереке қарсаңында дүкендерде келуші саны көбеюі байқалады. Үлкен кезектердің пайда болуына жол бермеу үшін жарлықта жаңа жұмыс кестесі белгіленді. Аумағы 2 мың шаршы метрден асатын супермаркеттер мен гипермаркеттердің жұмыс уақыты шектелмейді. Келушілер саны 30% -дан аспауы керек. Жер-жерлерде объектілердің басшылары санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтай отырып жұмысты ұйымдастыруы керек», - деді қаланың санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева.