Тоқаевқа «тазик» таныстырған петропавлдық зауыт тағы қандай өнім шығарады?
СҚО-да шығарылған тауарлар Ресейдің Омбы, Қорған, Новосибирск, Красноярск, Иркутск сынды ірі қалаларына экспортталады
«Өзге елдер ғарышқа апаратын аппарат шығарып, ұшқышсыз ұшақ құрыстырып жатқанда, Қазақстан тазик жасап жұртты таңғалдыруда». Қазнетте кешеден бері осы тектес пікірлер өртеңге шыққан шөптей қаптады. Негізгі себеп – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың балалар жуынатын пластик леген ұстап түскен суреті. Желіні шулатқан бұл сурет осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысының Петропавлға сапары кезінде түсірілген болатын. Тоқаевқа көрсетілген тазик – «Радуга» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығаратын жалғыз өнім емес екен. Кәсіпорын тағы қандай тауар шығарады? Назарыңызға Azattyq Rýhy тілшісінің күнделікті қолданыстағы өнімдер жасайтын зауыттан әзірлеген фоторепортажын ұсынамыз.
КӘСІПОРЫН ПЛАСТИКТІ ТОЛЫҚ ЦИКЛДЕ ӨҢДЕЙДІ
Солтүстікқазақстандық «Радуга» серіктестігі – көпсалалы компания. 1993 жылы ашылған. Бастапқыда лак-сыр бояғыштар шығарған. Қазіргі уақытта зауыт жүгері таяқшасы, тез дайындалатын кеспе сынды тамақ өнімдерінен бастап, күнделікті тұрмысқа қажетті пластик бұйымдар, гигиена құралдарына дейін өндіреді. «Радуга» ЖШС – 500-ден астам өнім түрін шығарады. Зауыт Қазақстанда пластикті толық циклды өңдеуден өтікзетін жалғыз кәсіпорын.
«Радуга» ЖШС өзгелердің қоқысқа тастаған қалдығын кәдеге жаратады. Көпшілік үшін керексіз болып қалған заттар зауытқа келген соң, бірнеше мәрте өңдеуден өтіп, пластмасса ыдыс-аяқ, орындық, киім ілгіш, гүл егетін құмыра сынды тағы басқа күнделікті тұрмыста пайдаланатын заттарға айналады. Сонымен қатар, «Радуга» серіктестігі 2017 жылы тез пісетін кеспе шығаратын желіні іске қосқан еді. Кәсіпорын сағатына 2 тонна кеспе шығаруға қауқарлы. Өндірісте жергілікті шикізат қана пайдаланылады. Жүгері таяқшалары, драже мен шемішке де өндіріледі.
АЙЫНА 30 ТОННА АНТИСЕПТИК ШЫҒАРЫЛАДЫ
Өткен жылы «Радуга» серіктестігінде кесек сабын шығаратын цех ашылды. Кәсіпорын жылына 1 мың тоннаға жуық өнім әзірлеген. Кір сабын мен иіс сабынның 12 түрі жасалады. Кәсіпорын заманға сай құрал-жабдықпен жарақтандырылған. Бүгінгі күні бір ауысымда небәрі 14 адам жұмыс істейді. Қуатты техниканың арқасында еңбек өнімділігі артқан. «Радуга» серіктестігінде шығарылатын қатты, сұйық сабындар, басқа да тазалаушы құралдар жоғары сұранысқа ие. Коронавирус пандемиясына байланысты залалсыздандырғыштарға сұраныс артқанын ескерген кәсіпорын басшылығы наурыз айынан бастап антисептик өндірісін қолға алды. Бастапқыда серіктестік мамандары ДДСҰ-ның бекіткен талаптарына сай антисептиктің алғашқы сынама үлгілерін жасап шығарды. Сынақтан сәтті өткен жаңа тауар қысқа ғана уақытта көп көлемде, айына 30 тоннадан өндіріле бастады. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, ең бастысы – сапа мен қолжетімді баға.
«Антисептик жасау үшін 96 пайыздық спирт пайдаланамыз. Оған 800 келі сутегі тотығын қосып, глицерин араластырамыз. Нәтижесінде, 60-70 пайыздық антибактериалды өнім дайын болады. Жасалу әдісі қарапайым. Күнделікті тұрмыста өте қажет. Әсіресе, қазіргі жағдайда. Біз барлығын тұтынушы үшін жасаймыз», - дейді кәсіпорынның технолог лаборанты Юлия Бызова.
ҚАҒАЗ ӨНДІРІСІ ІСКЕ ҚОСЫЛМАҚ
Кәсіпорында шығарылған тауар еліміздің барлық өңірінде жоғары сұранысқа ие. Серіктестік басшылығы болашақта тағы да жаңа цех ашып, сабаннан қағаз бен ыдыс шығаруды жоспарлап отыр. Аграрлы аймақ саналатын солтүстік өңірде шикізат проблемасы туындамайды. Сабанның басым бөлігі егістік алқаптарында қараусыз шіріп жататыны жасырын емес. Оны өңдеп, дайын өнімге айналдыру технологиясын меңгеріп жатқан серіктестік енді сабанды да кәдеге жаратпақ.
«Сәуір айында тағы 14 адамды жұмысқа қабылдап, екі ауысым бойынша жұмыс істейтін боламыз. Нәтижесінде, өндіріс көлемі айтарлықтай арта түспек. Қазір кәдімгі сабаннан дәретхана қағазы мен бір рет пайдалануға арналған ыдыс-аяқ шығару әдісін үйренеміз. Ол үшін шикізат жеткілікті. Бұл – таза өнім болады. Экологияға да зияны тимейді. Аталған технологияны тек қытайлықтар ғана қолданып жатыр. Ал біз бұл желіні келесі жылы іске қосқымыз келеді. Күнделікті пайдаланылатын өнімдер қашан да сұранысқа ие ғой. Кәсіпорын соны ескеріп, үнемі жаңа өнім түрлерін жасауды қолға алады», - дейді өндіріс цехінің басшысы Андрей Генне.
Серіктесік жұмысын «қарапайым заттар экономикасы» қағидасына сүйеніп жүргізіп отыр. Кәсіпорынның басты мақсаты – тұтынушысына бағасы қолжетімді, сапалы өнім ұсыну.
«Балалар жуынатын легенді де біреу жасауы керек. Онсыз сәби күтімін елестету қиын. Біз шығаратын заттардың көмегімен ғарышқа ұша алмайсың. Бірақ күнделікті тұрмысқа өте қажет дүниелер өндіреміз. Тіс тазалаған сәтте щетканың қайдан шыққаны, кім жасағаны жайында ойланбаймыз. Су ішетін ыдыс та солай. Бәрі өздігінен жасалғандай. Бірақ оның ар жағында қаншама еңбек пен миллиардтап жұмсалған қаржы, жылдар бойы қол жеткізген технология жатыр. Сондықтан леген мен ұшақты салыстыру – еш мағынасы жоқ әңгіме. Мүмкін кейбір азаматтардың түйсігі соған ғана жеткен болар», - дейді «Радуга» ЖШС тамақ өнірісінің бас технологы Екатерина Асаенок.
Солтүстік Қазақстан облысында шығарылған тауар еліміздің барлық өңірлерімен қатар, Ресейдің Омбы, Қорған, Новосибирск, Красноярск, Иркутск сынды тағы басқа ірі қалаларына экспортталады. Кәсіпорын 1500-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО