Елордада сноубордшыларға арналған алғашқы жасанды төбешік пайда болды
Жобаның жалпы ауданы 720 шаршы метрден асады
Нұр-Сұлтан қаласында сноубордшыларға арналған төбешік пайда болды. Жақында қысқы экстремал спорт түрлеріне арналған Nur-Sultan Snowpark – snowboard және freeski спорттық-жаттығу алаңы ашылды. Бұл алаң джиббингпен айналысуға да қолайлы. Құрылыстың жалпы ауданы 720 шаршы метрден асады, слайдтың ұзындығы – 40 м, ені – 18 м.
«Жалпы, бұл алаң сноубордшыларды қолдау үшін жасалған. Бізге жекелеген көптеген өтініш келіп түсті, сырғанауға қажетті алаң керек болды. Себебі, жазда бұл жігіттер скейтбордқа барады, ал қыста жаттығатын орын жоқ. Біз бастаманы қолдап, осындай төбешік салдық. Сондай-ақ, мұнда балаларды сноубордпен сырғанауға үйрететін мектеп те болады. Жалпы, бұл біздің қаламызға жетіспейтін белсенді қысқы спорт түрі», - деді урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен.
Айта кетейік, шаңғы мен сноубордпен сырғанауға арналған жасанды төбешік Қазақстанда алғаш рет қысқы қоғамдық кеңістікті дамыту аясында орнатылды.
Жоба Байқоңыр ауданы әкімдігінің және Қазақстан скейтбординг федерациясының қолдауымен жүзеге асты.
Жаңадан бастағандар үшін сноуборд алаңында қажетті жабдықты жалға беру жоспарланған, нұсқаушылар да сабақ беретін болады. Шамдар кешке алаңға жарық беріп тұрады. Осылайша, экстремал спорт әуесқойлары үшін күндіз ғана емес, түнде де сырғанауды ұйымдастыру жоспарлануда.
Nur-Sultan Snowpark Ататүрік саябағындағы жағалауда (Тәшенов көшесі 8 үйдің жанында) орналасқан.