Павлодар облысының Қарттар үйінде 30-ға жуық адам коронавирус жұқтырды
Жалпы мекемеде 195 тұрғын мен 38 қызметкер бар

Павлодар облысының Ақсу қаласындағы Қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік орталықта 28 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Аймақтың Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдерінің айтуынша, алғашқы жағдай 28 қараша күні тіркелген. Тексерістен өту үшін емханаға орталықтың санитар қызметкері жүгініп, одан коронавирус анықталған.
«2020 жылғы 4 желтоқсандағы жағдай бойынша Ақсудағы Қарттар мен мүгедектерге арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында COVID-19 жұқтырудың 28 оқиғасы тіркелді. 22-сі қамқорлыққа алынған тұлға, 19-ында ауру симптомсыз өтуде. Сондай-ақ коронавирус алты қызметкерден анықталды, олардың екеуінде індет белгілері бар. Сырқаттанған азаматтардың барлығы ауруханаға жатқызылды. Тағы төрт қызметкер – үй карантинінде», - деді мекеме өкілдері. Жалпы мекемеде 195 тұрғын мен 38 қызметкер бар.