Қар, тұман, көктайғақ: 1 желтоқсанға арналған ауа райы болжамы
Сейсенбі күні республиканың кей аумағында тұман түсіп, жаяу бұрқасын соғады
Сейсенбі күні фронталды бөліктердің әсерінен Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-батыс аумағында жаңбыр немесе қар жауады, солтүстік, шығыс, оңтүстік-шығыс және орталық облыстарда аздап қар жауады. Еліміздің қалған бөлігінде антициклон әсерінен ауа райы жауын-шашынсыз болуы мүмкін. Республиканың кей өңірінде тұман түсіп, жаяу бұрқасын соғып, көктайғақ болады, жел күшейеді. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, Түркістан облысының кей жерінде тұман түсіп, жаяу бұрқасын соғады, желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді.
Жамбыл облысының кей аумағында тұман түседі, жел күшейіп жылдамдығы 15-20 м/с жетеді, күндіз өңірде көктайғақ болуы ықтимал.
Алматы облысында түнде және таңертең кей жерлерде тұман түсуі мүмкін, күндіз Жалаңашкөл ауданында жел 15-20 м/с жетеді.
Қызылорда, Маңғыстау, күндіз Қарағанды облыстарында кей жерде жел 15-20 м/с күшейеді, Маңғыстау облысында кей жерде көктайғақ болуы ықтимал.
Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында тұман түсуі мүмкін, Ақмола облысының кей жерінде жаяу бұрқасын соғады.