Бүгін – Тұңғыш Президент күні
Биыл бұл күн осымен 8-рет аталып өтеді
Бүгін – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Осыдан тура 29 жыл бұрын елімізде бүкілхалықтық сайлау өтіп, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті сайланған болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
2011 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. Осы заңда 1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі болып белгіленді. Яғни бүгін Тұңғыш Президент күні осымен 8-рет аталып өтеді.
1991 жылғы 16 қазанда Жоғарғы Кеңес «Қазақ ССР Президентін сайлау туралы» заңды қабылдады. Осы заңмен бірге 1991 жылдың 1 желтоқсанын Қазақ ССР Президентін сайлау күні ретінде белгілеген қаулы да шықты. Осылайша Қазақстан тарихында тұңғыш рет Республика басшысын жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы таңдауға жағдай жасалды. 1991 жылы 1 желтоқсан күні Қазақстан тарихындағы тұңғыш жалпыхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев жеңіп шықты. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев барша халық сайлаған Қазақстанның Президенті мандатын тұңғыш рет иеленді.