ШұғылӨткен тәулікте қанша адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

Ақмола облысында мемлекеттік мекемелер қазына қаржысын тиімсіз жұмсамақ болған

Кей мекемелер 85 мың теңге тұратын құбырға қажетті шойын бұрандаларды 1 млн 470 мың теңгеден сатып алмақ болған

Фото: 24.kz

 

Ақмола облысында бірқатар мемлекеттік мекеме ел қазынасынан бөлінетін қаражатты бей-берекет жұмсамақ болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар мемлекеттік сатып алу порталында белгілі бір тауардың сатып алу құнын 10 есе жоғары көрсеткен. Мәселен, «Степногорск су арнасы» мекемесі құбырға қажетті шойын бұрандаларды 1 млн 470 мың теңгеден сатып алмақ болған. Ал, оның нарықтағы бағасы 85 мың теңге ғана.

Өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің араласуымен ел қазынасындағы 7 млн теңге қаржы үнемделді. Жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізудің арқасында 350 млн теңге бюджет қаржысы үнемделіпті.

«Тағы бір мысал. Атбасар аудандық әкімдігі 950 мың теңгеге кеңсе жиһазын сатып алмақ болды. Біз оны порталдан дер кезінде көріп, әкімдікке хат жолдадық. Сөйтіп, олар тауарды сатып алудан бас тартты. Себебі, осы жылдың 25 мамырында Мемлекет басшысы мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерге 3 жылға дейін жиһаз сатып алуға тыйым салған болатын. Осындай мониторинг күнделікті жүргізіледі», - дейді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы Данияр Каконов.